ЖАЗҒЫ КЕШ

Кең даланың ішінде,

Желсіз тымық жазғы кеш,

Гүлін шашқан шешектер,

Мұрын жарар аңқып иіс.

Өкпең жұтып саф ауа,

Көтерілер хам көңіл,

Сыбдыр шығып бір жерден,

Хиялыңды hеш бөлмес.

Жоғарыға қарасаң,

Сансыз жұлдыз шытыра,

Жылтылдасып әр бірі.

Шағылады көзге түс.

Анда-санда аз ғана,

Қоңыр салқын леп беріп,

Жел сипайды жүзіңді,

Дос-жарыңдай көңілдес.

Табиғаттың сиқына,

Көтеріліп көңілі,

Қиыр шетте бір мезгіл,

Сыңқылдайды бұлбұл құс.


Көрмей жүріп қосылып,

Мұңын айтқан ғашықтың,           

Жүрегіндей елжіреп,

Тұрған ғажап бұл бір кеш.

Мұндай жазғы түндерде,

Жата берме езіліп.

Кеуденде шыбын жан болса,

Қанаттан да, құстай ұш.

Ұшып барып қосылып,

Шәйі жібектей есіліп,

Қол ұстасып құрбыңмен,

Көңіл ашып сыр сөйлес.

Күңірен де сазың сал,

Табиғаттан үлес ал.

Бақыт – құсы жар болып,

Кез келмесе мұндай дос,

Солай етіп бауырым.

Жетім жүрек жолдасы,

Мұндай керім кештерде

Өз қайғыңды өзің шеш.