МҰҒАЛІМ

Елдің ішін аралап,

Жүргенде көрдім біреуді.

Қайғы басып жүрегін,

Түсі қашқан жүдеулі,

Оның айтқан жөн сөзі,

Кесіп-пішіп мінеулі.

Бүйректен сирақ шығарып,

Бұзып жарып іреулі.

Алып-барып бір ұшын

Дін бұзуға тіреулі.

Бір жиында тап келіп,

Жас жігітті сынадым.

Екі-үш ауыз сөзбенен,

Халы-жайын сұрадым.

Сонда, маған айтқаны:

«Ұлт көзін ашуға,

Ғылым нұрын шашуға,

Ғазіз жаным бұладым.

Жас балалар ғұмыры,

Желге зая кеткенін,

Асық ойнап өткенін,

Көріп күйіп жыладым.


Ойдағымды етуге,

Жол бермейді күншілдер,

Ақ сәлделі төрдегі,

Ана отырған діншілдер,

Не бар істі дінменен,

Өлшейтұғын міншілдер.

Жаңа тәртіп төте оқу,

Дін бұзды деп зарлаған,

Таспа қара, таңқы мұрт,

Дін жолында үншілдер».

Дедім: бауырым, жабықпа!

Әлі-ақ таң атар,

Жарық таң атса,

Жарқанат, өзі-ақ жатар.

Жігерің жоғалмас,

Үйрет, ғылым шаш!

Келешек сенікі,

Адымда, алға бас!