МҰҒАЛІМ

Елдің ішін аралап,

Жүргенде көрдім біреуді.

Қайғы басып жүрегін,

Түсі қашқан жүдеулі,

Оның айтқан жөн сөзі,

Кесіп-пішіп мінеулі.

Бүйректен сирақ шығарып,

Бұзып жарып іреулі.

Алып-барып бір ұшын

Дін бұзуға тіреулі.

Бір жиында тап келіп,

Жас жігітті сынадым.

Екі-үш ауыз сөзбенен,

Халы-жайын сұрадым.

Сонда, маған айтқаны:

«Ұлт көзін ашуға,

Ғылым нұрын шашуға,

Ғазіз жаным бұладым.

Жас балалар ғұмыры,

Желге зая кеткенін,

Асық ойнап өткенін,

Көріп күйіп жыладым.