ТҮСІНБЕЙМІН

Әдемі қарап тұрсаң келбетіңе,

Шықпайды сырын беріп жел бетіңе.

Жүресін сыр сиқына қарар етіп,

Жігіттің тап болдым деп жендетіне.

Сұрасаң бабалары болып өткен,

Өз басы түк қылған жоқ өз бетіне.

Атамыз бәленше деп мақтанады,

Озғанның бүгінгіге міндеті не?!

Болмаса орын бар ма берілетін,

Әкенің болып өткен құрметіне.

 Бұл елде жақсы бар-ды, жаман бар-ды,

Айырмас оң мен солын надан бар-ды,

Ұмтылып игіліктің ақ жолында,

Аяғын қия баспас шабан бар-ды.

Ары жоқ, намысы жоқ, жын мінезді,

Сататын елі-жұртын қабан бар-ды.

Қолға алар түк неме жоқ дәл бойында,

Һәр түрлі қасиеттен аман бар-ды.

Құтқарған «Рұм» қаласын бабаларды,

Қаздарша сөз айтатын адам бар-ды.