САҒАН НЕ БОЛДЫ?

Бүгін болса тамағымыз тоқ дейсің,

Ертеңгінің еш керегі жоқ дейсің.

Азаматың аттан ұшса «шоқ» дейсің,

Ұялмастай, жұртым, саған не болды?

Ел көшкенде жұртта қалған сен бе едің,

Ар-намыстан жұда болған ел ме едің?

Қаның қара, басқалардан кем бе едің,

Қозғалмастай, жұртым саған не болды?

Қаның таза, сен олардын кем емес,

Сен артықсың, олар саған тең емес.

Өз бойыңа осы жүріс жол емес,

Байқамастай, жұртым, саған не болды?

Алатаудан асып барып жайлаған,

Беткейінде құлын-тайын ойнаған,

Ойына алған ісін етпей қоймаған,

Ел емеспе ең, жұртым, саған не болды?

Шыңғыс, Бати хандық құрып тұрған ел,

Қара қыпшақ Қобландылар туған ел,

Қарсылаған дұспан жауын қуған ел,

Емес пе едің, жұртым, саған не болды?