САҒАН НЕ БОЛДЫ?

Дүние толды өсек-аяң, жер солды,

Елемесең, елім, байқап оң, солды.

Өтер жолың тайғақ кешу тар жол-ды,

Байқамастай, елім, саған не болды?

Жұрт жиналды, кеңес құрды, тарады,

Оң жағына өз елінің қарады.

Ықтырмасын жел бетіне қадады,

Ескерместей, елім, саған не болды?

Дұспан шықты, жан-жағынды қамады,

Жиғаныңды алды, өртеді, талады,

Қарсылассаң тамағыңнан шалады,

Мұны көрмей, жұртым, саған не болды?

Үрім-бұтақ ұрпағынды құл етер,

Әлпештеген аруыңды күң етер,

Жарық сәуле бостандыққа мұң етер,

Ойламастай, жұртым, саған не болды?

Сен жатырсың қатты – терең ұйқыда,

Өзді-өзіңмен алысуда миқыда,

Талас-тартыс үнемі ызы-қиқыда,

Оянбастай, жұртым, саған не болды?