ХИЯЛ, ХАҚИҚАТ

Жаздықтың жай бір шағында

Жердің жүзі көгеріп

Көрік берген уағында

Жатыр едім бір түні

Сақырада салқындап,

Жоғары аспан жүзінде

Сансыз жұлдыз көрінді

Сап күмістей жалтылдап.

Көрушіден ол алыс

Екі арасы тым шалыс

Алыстықтың белгісі

Нұры талып шақ жетер

Қараған көзге қалтылдап.

Қарадым да ойладым,

Жалаң ойлап қоймадым,

Өз-өзіме сөйледім,

Сөйлегенде бүй дедім:

Көрінген мынау көп жұлдыз

Көрер көзге кішкене

Көде болса көп жұлдыз.


Ғылым айтар бұлардың

Зорлығының шамасы:

Әр біреуі бір дүние,

Деп айтуға дөп жұлдыз.

Жатқаным мынау үстінде

Доп-домалақ қара жер

Кең жиһанның ішінде

Ноқаттай орын алмайды.

Шеккісіне ғаламның

Тозаңдай салмақ салмайды

Пән көрмеген қысқа ақыл

Бұл айтқанға нанбайды.

Нанбаса да дұрысы

Жаһанға қарай өлшеніп

Қияс айтып қаралса,

Мысалы бейне жер тозаң.

Жер үстінде қыбырлап,

Жүрмін, жанмын десе де

Адам да солай бір тозаң.


Тозаңдай сол адамның

Жер үстінде ғұмыры

Көз кірпігін қақандай.

Адам жүрер сонда да

Мәңгі суын татқандай.

Тұтқасынан асқар тау

Ілінер болса қолына

Қопарып түптеп атқандай.

Ақыл-ойы жетісіп

Сұмдығымен жиһанды

Екі пұлға сатқандай.

Өзі патша, өзі хан

Он жеті мың бар ғалам

Оның үшін түзеліп

Тәртіп назым тапқандай.

Шаттық құрар мәз болып

Қарық олжаға батқандай.

Қиямет мақшар таң тауып

Жер көтерген өгізді

Сойып салып жайратып

Тойын жасап жатқандай.


Рузан атты періште

Қайқайып басы әр жерде

Ылғи ғана іріктеп

Сопы менен хажіге

Қатарлап табақ тартқандай.

Көк өгіздің етіне

Тойып алған сабаздар

Еріндері жалтырап

Әр қайсысы сексен хор

Өбе, құша жатқандай.

Әй адамзат, адамзат

Бұ ғаламның ішінде

Тозаңдай халін жоқ болса,

Зәредейін бір құртқа

Қарсыласып, қарысып,

Тұрар жайың жоқ болса,

Барша ғалам сен үшін

Түзелмесе керек-ті.


Жаратушы бұларды

Құдретінің шегі жоқ

Ғылымның түбі жоқ

Жалғыз ие болған соң

Жалғыз ғана бір өзі

Сырына жетіп ғаламның

Мақсатын білсе керек-ті.

Бір тамшыда миллион

Жан иесі бар депті

Сол жүмледен сендағы

Жанға қожа бір құртсын.

Сырынан бұл ғаламның,

Мақсатынан жаһанның

Үлесің жоқ, құр құртсын.

Бар болған сол ғана

Ожданына бойсұнып,

Төреші көңіл екенін

Әр уақытта жад айтып

Тіршілік ету дүниеде

Әрбір адам ұлына

Міндет болса керек-ті.


«Ождан» деген көңілдің

Төресіне айтады.

Ождан түбі алланың

Бұйрығына қайтады.

Ғамал етсе кім де кім

Шыны ождан бойынша

Ешбір уақыт ол адам

Бұйрығынан алланың

Адаспаса керек-ті.

Осы ғана адамның

Ақылы тауып жеткені,

Ақылдылар халыққа

Ашып баян еткені.

Мұнан ары озуға

Адамның тайы келмес-ті

Тайы келмес нәрсеге

Хәлін біліп адамзат

Қатыспауы керек-ті.


Мұнан ары дегенім

Біз адамзат жынысы

Дүниеге келіппіз

Жиһан деген қонысқа

Келіп жетіп еніппіз.

Келуіміз не үшін?

Кетуіміз не үшін?

Мұнда не сыр, не мақсұт?

Білдік десек бүліппіз.

Кім құрады жиһанды

Кім жіберді адамға

Терең сырлы бұ жанды.

Құрудан мақсұт – мұратта

Кім құрса соның өзіне

Мағлұм болса керек-ті.