III БҰРЫНДА БІР ҚАЗАҚ ҚАРТЫНЫҢ КЕРУЕНМЕН БҰҚАР БАРҒАНДАҒЫ КӨРГЕНІ

Ал енді биыл келсе тағы сондай,

Бір сарт тұр жоғарыда салып ойбай.

Көтеріп екі қолын жан-жағына

Бұрылып шақырады адам қоймай.

Қараса жоғарыға баяғы сарт

Басына бөз ораған баяғыдай.

Қарт айтты оған қарай тұрып жолда:

«Түсе алмай тұрғаның ба әлі сонда?

Әй, сорлы, аңқау өскен қорқоршы сарт,

Бар еді не қызметің сенің онда?

Болған соң түсе алмастай неге шықтың,

Жүгіріп қаза тағы әуел ойға.

Әзірмін түсіруге уақытым жоқ,

Тұрмайды түйем тоқтап сенің сорға.

Бөлініп керуеннен сенің үшін

Қала алман түсірем деп осы жолда,

Мінбеске мұнан былай болар жақсы

Түсе алмай тағы біраз тұрсаң сонда

Күт бір жыл тағы сонда құдай қосып

Келе алсам түсірермін, жарын мұнда.