III БҰРЫНДА БІР ҚАЗАҚ ҚАРТЫНЫҢ КЕРУЕНМЕН БҰҚАР БАРҒАНДАҒЫ КӨРГЕНІ

Жол шегіп бұрын бір қарт Бұқар барған,

Ірімшік, қойдың құрты – азық алған.

Керуен неше күндей ұдай жүріп

Қалаға жетерінде шаршап талған.

Ашулы сөз сөйлемей келеді қарт

Тар ғана тас төсеулі орамдардан.

Бұйдасын қолына алып азар өтті

Бір ара есек мінген адамдардан.

Қамалап сеңсең бөркін жұлып тартып

Бір жақтан сарт баллары мазаны алған.

Бұлайша тар көшеден өткен шақта

Құлаққа келді дауыс азан салған.

Былтыр бір тағы келіп кетіп еді,

Онда да осы арадан өтіп еді.

Басынан мұнараның салған айғай

Сонда да құлағына жетіп еді.

Жоғары мұнша биік шыққанына

Таңданып мойнын бұра кетіп еді.

«Түсе алса жарар еді жазған сарт» деп

Ішінен аяушылық етіп еді.