ЖОМАРТТЫҚ

«Жомарттық» ашық жүзді шытпағаның,

Мұқтаждан қол қайырың қытпағаның.

«Адаммен адам күні» деген сөздің,

Мәнісін есте тұтып, мұтпағаның.

Көз салып, тұтып шафғат* еске алғаның,

Жетімдер жылап, жесір сықтағанын.

Кәріпке беріп киім жылытқаның,

Көрген күн суықтағы ықтағанын.

Айтыңдар, көрдіңіз бе жомарттардың

Дәулеті етіп қайыр тоқтағанын?

Қайырдың ең үлкені халық пайдасын

Ізденіп, кем-кетігін жоқтағаның.

Сарп етсең дәулетінді ойын-сауыққа

Халалға**, харам қосып боқтағаның.

Қысылып келгендерге қарыз бермей,

Қайтарсаң жомарттықты тұтпағаның.

Аз күнге бар нәрсені бере алмасаң,

Езгілер жүмлесінен*** шықпағаның.

Бұл етіп аз нәрсені алдағандай,

Осы ма адам болып мықтағаның?

 __________

* Шафғат – шапағат, рахым, қайырым.

 ** Халал – адал деген сөз.

*** Жүмле – бұл жерде тобынан деген мағынада.