ҚАРЛЫҒАШПЕН СӨЙЛЕСКЕНІМ

Келемін кештіғұрым елге қарап,

Қалмайды бір қарлығаш алдымды орап.

Ұмтылып желе жортқан маған еріп

Ұмытты балаларын, кетті ұзап.

Тамаша қарлығашқа қалып қайран,

Анықтап білгім келді жайын сұрап.

Қарлығаш! Не қыл дейсің, неге менен

Қалмайсың, кешке дейін жанамалап?

Мен таңмын, қарлығашым, бұл ісіңе,

Мұнша бұ ұшуыңа недүр себеп?

Жайыңды ашық айтып түсіндіріп,

Бер сана сен, бейшара, маған жауап.

Тамағын сонда аh деп қырып алып,

Қарлығаш сөз сөйлейді маған қарап:

«Адамзат! Бұ дүниеде жан-жануар,

Бәріне керек емес пе риздық тамақ.

Жүре бер өз жөніңе сенде нем бар,

Айып па риздығымды етсем талап?


Көбелек, шыбын, маса үшеуіне

Жүруі адамзаттың болар себеп.

Бұ дүние себеп, талап дүниесі,

Тек жүрген себеп етпей болар харап*.

Іздемей риздығымды мен сопы ма,

Созылып отыруға деспе санап.

Бізде жоқ адамдардай надан сопы,

Сопысып, елді алдайтын төмен қарап.

Алданып қиялиға, әм алдатып,

Жориды әулиеге өзін балап.

Себепсіз риздық сұрап олар бейне,

Бидайға екпей егін тосады қап.

Шығар ме егін екпей жерден бидай

Білмей ме тым болмаса осыны ойлап?!

Бір алла, бір алла деп, ертеңді кеш,

Құдайды ренжітеді, бимазалап.

Мен кепіл етсе себеп бір-біріне

Пендесін тәңрі айырмас еш алалап.

_________________

* Харап – біту, жоқ болу, бұзылу, бүліну.


Алланың, досы жалғыз олар ма екен?

Қол қатпай, себебі не риздық сұрап.

Білмейді надандықтан бейшаралар,

Алады күнә үстіне күнә жамап.

Бос жүріп, кәсіп етпей сопысынып,

Тартады дүние, ақирет, ауыр азап.

Келгенде осы араға бір көбелек,

Бетінен жердің ұшты, жоғары қарап.

Қарлығаш жанай беріп қағып алып,

Жөнелді кейін қарай, атын сабап...

Бар еді, қазағымда оңған заман,

Басына бақыт құсы қонған заман.

Мал бағып, шаруа істеп, босқа жүрмей,

Төрт түлік бірдей бітіп толған заман.

Үлкеннің кішілері сөзін тыңдап,

Бойсұнып төзім тұта тұрған заман.

Көңілі жай, дәулеті сай ол заманда

Толықсып қазақ, қазақ болған заман.

Хан ғадыл, билер тура, байлар момын,

Уызында жарып бала тойған заман.


Бейілді жомарт байлар, ашық жүзбен

Ту бие қонағына сойған заман

Мал да жоқ, бейіл де жоқ бұ заманда

Деспе ұстап сопысынып солған заман.

Жөн білмес, жолға жүрмес надан сопы

Қысапсыз біздің елде толған заман.

Кәсіп жоқ, харакет жоқ, көзін сүзіп,

Келемеж қарлығашқа болған заман.

Кідіріп біздің қазақ қалып соңға

Басқалар асқан оң мен солдан заман.

Қор қазақ, жалқау қазақ, надан қазақ,

Адасып алды-алдына тозған заман.

Қамын жеп елдің жайын көрген ерлер

Көңілінде дерті былай қозған заман.

Басарға көңіл дертін күңіреніп

Жыр толғап мұнды аузын созған заман.

  Жалқау жұрт қалған кейін қазақ халқы,

Өнер жоқ, білігі жоқ, қазақ жарты

Қолданған өнерлері осы күнгі

Ойын ойнап, ішкі ішіп жасы-қарты.


Білмейді әдеп-әркін, дінін, күнін

Жоқ шығар хайуаннан ешбір парқы.

Ұрылық, ұятсыздық, бұзықтықта

Ешбір ел пар келмейді, қазақ жалқы.

Аспайды құлағына айтқандарын

Сөз айтса арасынан шығып нарты.

Қазақтың енді барар еш жері жоқ

Қамалған оңы-солы, алды-арты.

Қой қазақ! Таста мұны бұл емес-ті,

Тәріктік бұл дүниеде келген шарты.

Өнерің, ғылымың толық болсаң халық

Ықтияр ол уақытта сен де шалқы!

Қоймайды ырыс қашса туыс деген

Біл өнер толған айдан нұрға балқы.

Қарайлап жан-жағыңа қорғалама

Жолына өнер, ғылым түсіп аңқы!