ҚАРЛЫҒАШПЕН СӨЙЛЕСКЕНІМ

Көбелек, шыбын, маса үшеуіне

Жүруі адамзаттың болар себеп.

Бұ дүние себеп, талап дүниесі,

Тек жүрген себеп етпей болар харап*.

Іздемей риздығымды мен сопы ма,

Созылып отыруға деспе санап.

Бізде жоқ адамдардай надан сопы,

Сопысып, елді алдайтын төмен қарап.

Алданып қиялиға, әм алдатып,

Жориды әулиеге өзін балап.

Себепсіз риздық сұрап олар бейне,

Бидайға екпей егін тосады қап.

Шығар ме егін екпей жерден бидай

Білмей ме тым болмаса осыны ойлап?!

Бір алла, бір алла деп, ертеңді кеш,

Құдайды ренжітеді, бимазалап.

Мен кепіл етсе себеп бір-біріне

Пендесін тәңрі айырмас еш алалап.

_________________

* Харап – біту, жоқ болу, бұзылу, бүліну.