ЖҮГЕНСІЗДІК АДАМҒА ЖОЛ МА ЕДІ?

Дүниеде себепсіз еш іс істеген емес, ешбір уақиға туған емес. Әлбетте, қазір көзіміз көріп  отырғаң қан төгулер, бассздықтар бұның бәрінің де себептері болған соң болып отыр. Бұларды болдыратын себептерді тауып, күн ілгері сақтанса бұл уақиғалар болмақ емес, қандар төгілмек емес.

Дүниедегі жәмғияттардың1 ең кішкенесі, ең басы ғайла, яғни бір үйлі жаннан басталады. Одан жоғары бір тайфә, онад жоғары бір ру, одан жоғары бір ұлт, одан жоғары бүтін адам боласы. Бұл, тұқым жағынан қарағандағы басқыштар. Бұл ғана емес, адам баласы тұрған жеріне қарай, сөйлеген тіліне қарай, хәттә, ағтихад2 еткен дініне қарай, уә басқа неше түрлі нәрселеріне қарай түрлі-түрлі жікке бөлінеді.

Бір үйлі жанның ішіндегі ағзаларының әрқайсысына түрлі-түрлі міндет артылады: әкенің жұмысы – міндеті бір түрлі. Баланың міндеті тағы бір түрлі, шешенің міндеті үшінші түрлі. Осылар өз міндеттерін кемшіліксіз жеріне келтіріп тұрса, ол ғайләның ғайла тұрмысы тәртіпті болмақ.

 ________

1 Жәмғият – қауымдастық, қоғам.

2 Әғтиқад – сенім.


 Мұнан жоғары кеткен тайфә, ру, ұлт ағзаларының да осындай-ақ бір-біріне жақындық желімін сақтау үшін, ортақ жиһаннан талас-тартыссыз пайдалану үшін неше түрлі борыш, міндет мүнәсәбәттары1 бар. Бұл жәмғияттар жоғары кеткен сайын, кеңейген сайын міндет көбейіп шырғалана береді және қазіргі замана мәдениеті тудырған, темір жолдар, телефондар басқа құралдар арқасында бүтін дүние жүзіндегі адам балалары бір-бірімен араласып, бір үйлі жандай болып отыр. Кеше менің бағып, меншіктеп жүрген малымның жүнін киім қылып, терісін етік қылып дүниенің анау шетінде отырған елдер бүгін құлданып отыр.

Сондай-ақ менің құлданып отырған нәрсемнің де көбі сол шетте жатқан елдердің істеп жіберген нәрселері.

Міне, осы жолмен дүниедегі адам бір-бірімен байланып отыр. Мұның тұрмыс түзулігіне көп уақыт жеңілдігі, пайдасы да тигенмен бір реті бұзылып кетсе, түзеп алуы да қиынға соғып кетеді. Қазіргі көріп отырған һәлакәттардың бәрі осы адам балалары арасындағы мүнәсәбәт қылдары үзіліп, тұрмыс жайлары орындарынан ауып шығуынан шығып отырғандығы.

Әлбетте бір үйлі жанның тұрмысы ретті, шырғасыз болуы үшін ол ғайланың ағзалары негізді бір пікірде болуы тиіс болатын болса, бүтін адам балалары да өз тұрмыс жайларында түптің түбінде бір бағытта болуы лазым. Уақ мәселелерде бірікпегенмен де, ірі мәселелерде, мәселен: мемлекет басқару, жерді пайдалану жұмысшы, фабрик, завод сияқты мәселелерде адам жәмгияттары түрлі пікірде болуы дұрыс емес. Бұлар турасында бір ізбен жүрмесе адам баласының қаны кеппегені. Таласы тымбағы жоқ.

__________

 1 Мүнәсәбәт – байланыс


Адам істейтін ісі – көңілінде бекінген әғтиқадынан туады. Әғтиқады, ойы бұзық адамнан жақсы ғамал шыққан емес. Адам баласында жүген жоқ, адам баласы нені тілесе соны істей берсін деген әғтиқад, ой жаман, зарарлы жаңлыс болғаны үшін дүниеге қанша пәлекет тудырып отыр.

Үйлі жандай болып бір-біріне байланған болса, ол қалай жүгенсіз, міндетсіз болмақ. Ойлап түсінсек сансыз міндетіміз бар. Сол міндеттерді өтеуге борыштымыз. Өзіңе нені сүйсең, басқаға да соны сүй деген сөз қанша ескі болса да ескіріп, мезгілі өтіп жұмысқа жараудан қалып отырған сөз емес. Бұл сөздің нағыз, шын мағынасын осындай шырғалы мәселерді шешу үшін қолдануға тиіс.

      Өзіңдей адам қанын төгіп, малын тартып алуды дұрыс көрушілер өздеріне біреу соны қылса тәуір көрер ме еді?! Егер соны тәуір көрсе рұқсат, мейлінше таласын, өртесін, өлтірсін. Жоқ, олай болмаса, онда не айтады? Мен істесем дұрыс, бірақ маған мұны басақалардың жасауы жарамайды деуге бола ма?