ЖҮГЕНСІЗДІК АДАМҒА ЖОЛ МА ЕДІ?

 Мұнан жоғары кеткен тайфә, ру, ұлт ағзаларының да осындай-ақ бір-біріне жақындық желімін сақтау үшін, ортақ жиһаннан талас-тартыссыз пайдалану үшін неше түрлі борыш, міндет мүнәсәбәттары1 бар. Бұл жәмғияттар жоғары кеткен сайын, кеңейген сайын міндет көбейіп шырғалана береді және қазіргі замана мәдениеті тудырған, темір жолдар, телефондар басқа құралдар арқасында бүтін дүние жүзіндегі адам балалары бір-бірімен араласып, бір үйлі жандай болып отыр. Кеше менің бағып, меншіктеп жүрген малымның жүнін киім қылып, терісін етік қылып дүниенің анау шетінде отырған елдер бүгін құлданып отыр.

Сондай-ақ менің құлданып отырған нәрсемнің де көбі сол шетте жатқан елдердің істеп жіберген нәрселері.

Міне, осы жолмен дүниедегі адам бір-бірімен байланып отыр. Мұның тұрмыс түзулігіне көп уақыт жеңілдігі, пайдасы да тигенмен бір реті бұзылып кетсе, түзеп алуы да қиынға соғып кетеді. Қазіргі көріп отырған һәлакәттардың бәрі осы адам балалары арасындағы мүнәсәбәт қылдары үзіліп, тұрмыс жайлары орындарынан ауып шығуынан шығып отырғандығы.

Әлбетте бір үйлі жанның тұрмысы ретті, шырғасыз болуы үшін ол ғайланың ағзалары негізді бір пікірде болуы тиіс болатын болса, бүтін адам балалары да өз тұрмыс жайларында түптің түбінде бір бағытта болуы лазым. Уақ мәселелерде бірікпегенмен де, ірі мәселелерде, мәселен: мемлекет басқару, жерді пайдалану жұмысшы, фабрик, завод сияқты мәселелерде адам жәмгияттары түрлі пікірде болуы дұрыс емес. Бұлар турасында бір ізбен жүрмесе адам баласының қаны кеппегені. Таласы тымбағы жоқ.

__________

 1 Мүнәсәбәт – байланыс