VIII ХИЯЛИ ХАСТЕРЛІКТЕР

ХИЯЛИ ХАСТЕРЛІКТЕР1

Ауру, зағифтік жалғыз тәнге хас емес, жанда  да яғни ғақылда да болады. Тәндегі хастерліктер не қадар көп һәм түрлі-түрлі болса, ғақылға пайда болған хияли хастерліктер де бек көп һәм түрлі-түрлі болады. Тәб ғылымында әр қайсысының айырым аттары бар, себептері һәм даулары да сол ғылымда  баян қылынған. Бұл хияли хастерлікке мүбтилә2 болған қайсы бір адамдар сырт көріністе, жүріс-тұрыста, шаруаларын басқаруда еш кемдігі жоқ, сөйлесе сау кісілерді жаңылтады. Әмме аузында бір түрлі хияли хастерлік бар, әрдайым уайым қайғыдан шықпайды. Әр нәрседен  жараусыз һәм қорқынышты бір нәтиже тудырады. Қатты хиял себепті сол шекке жетеді: ас-судан  қалып, жүдеп ғақабетінде3 әлек болады, я болмаса ғұмыр бойы азап шегеді. Қайсы бір адам бұның халапінше4 әрдайым шат, өзіне өзі қанағат, өзін дүниенің бір тірегі деп хиял етеді. Қайсы бір адамның көзіне өлген жандар көрінеді, олармен сөйлеседі. Әммә қасындағылар (сау  кісілер) оларда сезбейді. Кейбір, сондай да хияли ауруға мүбтәлә болған адамдар болады. Сап-сау тәнінің бір жерінде шығып келе жатқан бір жара барлығын сезіп шатасады. «Мінеки, мінеки, мынау жерімде жара бар, соны көрмейсіз бе?»  сау кісілерге көрсетеді. Қарасаң дым да жоқ!

______________

1 Хастерліктер – хияли аурулар.

2 Мүбтилә - ұшыраған, шалдыққан.

3 Ғақабетіне – ақырында.

4 Халапінше – керісінше.


Тәнде болған секілді, ғақылда да осындай түрлі хияли хастерліктер болып, әрқайсының басқа-басқа себептері болады. Сол себептердің әсерімен ғақыл тура жолынан шығады, кезек ауруынан шатасқан кісідей-ақ көрінбесті көреді, есітпесті естиді.

Берігіректе, осындай хияли ауруларға зор қайғы һәм тән ғақылдың сәлеметтігі үшін зарар болған ұйқыны кеміту, асты аз жеу себеп болады, хұсусан1 мұның үстіне надандық, жоққа илану деген ыспаттарлық қосылса, өзі қараңғы бір жерде бірнеше күн тұрып риязат шексе, көңілді бір-бір нәрсеге жөнелтіп, сол жолда ықыласпен жылап-сықтап отырылса, шүбә жоқ ғақыл өзінің тура жолынан шығады. Хияли жолға кіреді. Бұл хиял себепті әлбетте кереметтің неше түрлісін көрді.

Қабырыстанда шілде отырып (40 түн түнеп) қайтқан сопылардың әруақтарымен сөйлестік десулері жалған емес, дұрыс. Мәгер әлгі айтылған хияли жолмен көрген һәм сөйлескен болады. Егер тиісті өлшеуінше ас жеп, тиісті өлшеуінше ұйқы ұйықтап, ғақыл ойдың сәлеметтігін өз орнына қайтарылса, бұл нәрселер бірі де болмайды. Надандық себепті оны керемет деп өздері ықтиқат етеді, һәм ондағы көрген хиялдарын қайтқан соң елдегілерге айтып естерін кетіреді. Олардың бұл хияли уақиғаларын керемет деп біліп бұлар да сол жолға кіреді. Сөйтіп, бүтін халық тура жолдан  адасады. Дүниеде қажет болып тұрған кәсіп, өнер жолын қояды. Көздері алаша, ойлары қараша болып, төмен қарасып созылып қана жүріседі. Дүние оларды хияли екен деп аясын ба, күндердің күні болғанда, ұлын ырымға, қызын қырымға жібереді.

Басқа  халықтар оқу, өнер арқасында патшалар тіршілігін сүргенде – бұ надан хияли халықтардың нәсіл-нәсіптері олардың есігінде жалшылықта шіриді. Міне, бұлардың бәріне баяғы надандық себеп. Басқа еш нәрсе емес. Дүниені көрген, білген, таурих оқып бұрынғы халықтардың халдерінен ғибрат алған адамдар бұған еш шек келтірмейді.

Құрметті оқушыларым! Жалықпасаңыз осындай орны келгенде басымнан кешкен бір хикаяны айтып кетейін, бәлки бағзы бір адамдардың ғибрат алуына себеп болар.

______________

1 Хұсусан – әсіресе.