VIII ХИЯЛИ ХАСТЕРЛІКТЕР

Тәнде болған секілді, ғақылда да осындай түрлі хияли хастерліктер болып, әрқайсының басқа-басқа себептері болады. Сол себептердің әсерімен ғақыл тура жолынан шығады, кезек ауруынан шатасқан кісідей-ақ көрінбесті көреді, есітпесті естиді.

Берігіректе, осындай хияли ауруларға зор қайғы һәм тән ғақылдың сәлеметтігі үшін зарар болған ұйқыны кеміту, асты аз жеу себеп болады, хұсусан1 мұның үстіне надандық, жоққа илану деген ыспаттарлық қосылса, өзі қараңғы бір жерде бірнеше күн тұрып риязат шексе, көңілді бір-бір нәрсеге жөнелтіп, сол жолда ықыласпен жылап-сықтап отырылса, шүбә жоқ ғақыл өзінің тура жолынан шығады. Хияли жолға кіреді. Бұл хиял себепті әлбетте кереметтің неше түрлісін көрді.

Қабырыстанда шілде отырып (40 түн түнеп) қайтқан сопылардың әруақтарымен сөйлестік десулері жалған емес, дұрыс. Мәгер әлгі айтылған хияли жолмен көрген һәм сөйлескен болады. Егер тиісті өлшеуінше ас жеп, тиісті өлшеуінше ұйқы ұйықтап, ғақыл ойдың сәлеметтігін өз орнына қайтарылса, бұл нәрселер бірі де болмайды. Надандық себепті оны керемет деп өздері ықтиқат етеді, һәм ондағы көрген хиялдарын қайтқан соң елдегілерге айтып естерін кетіреді. Олардың бұл хияли уақиғаларын керемет деп біліп бұлар да сол жолға кіреді. Сөйтіп, бүтін халық тура жолдан  адасады. Дүниеде қажет болып тұрған кәсіп, өнер жолын қояды. Көздері алаша, ойлары қараша болып, төмен қарасып созылып қана жүріседі. Дүние оларды хияли екен деп аясын ба, күндердің күні болғанда, ұлын ырымға, қызын қырымға жібереді.

Басқа  халықтар оқу, өнер арқасында патшалар тіршілігін сүргенде – бұ надан хияли халықтардың нәсіл-нәсіптері олардың есігінде жалшылықта шіриді. Міне, бұлардың бәріне баяғы надандық себеп. Басқа еш нәрсе емес. Дүниені көрген, білген, таурих оқып бұрынғы халықтардың халдерінен ғибрат алған адамдар бұған еш шек келтірмейді.

Құрметті оқушыларым! Жалықпасаңыз осындай орны келгенде басымнан кешкен бір хикаяны айтып кетейін, бәлки бағзы бір адамдардың ғибрат алуына себеп болар.

______________

1 Хұсусан – әсіресе.