V СҮЮ. ҒЫЛЫМҒА ЖІГЕРЛЕНДІРУ. ХАЛИФАНЫҢ БЕТІНЕ ТҮКІРУ

 

Өркөкіректік мінез табиғаттан пайда болады. Осындай мінез арқасында да адамдар әртүрлі істер атқара алады. Ғылым, өнер жолындағы көп машақаттарды басынан кешірерде оның пайдасы бар. Екінші бір жағдайда, адам өркөкіректік нәтижесінде өз кеудесін оққа тосуға да барады. Кейбір адамдарда өркөкіректік мінез туа бітсе, кейбіреулерде теріс тәрбие негізінде пайда болады. Мәселен, ұрылар ұрлықты ерлік деп те түсінеді. Арақ ішуді, құмар ойнауды әдет еткендер оларды жағымды іс санайды. Адамдар жаман, жақсы іс парқын ажырата алса, онда ешқашан да жаман іске аяқ баспас еді.

Халық арасында ұлттық тәлім, тәрбие таратуды ниет ететін жақсы адамдар бар. Олар осы іске бар ниетімен қызмет етеді. Бұлар ұлттық мектеп ашып, шәкірттерді ілтипатты, мінез-құлықты, міндеттерін адал орындайтын адам етіп шығаруды көздейді.

Саудагерлер мен фабрика иелері өз тауарларын базарға шығарады және дұрыс сату үшін өзгелермен бәсекеге түседі. Олар сауда жасау ілімін білуге мәжбүр болады. Егер оны білмесе, ісі ілгері баспайды.

Қазіргі уақытта кітаптардың аздығынан білім ала алмай, істеріміз дамымай, ұлттық тәлім-тәрбиеміз тығырыққа тірелуде.


Орайы келгенде естіген бір әңгімемді айта кетейін, «Бір күні Рашид Халифа мен Имам Әбу Жүсіп әл қазы хазірет бір пәуескеде бірге отырып бара жатқан екен. Имам алға қарай түкірсе, жел ұшырып Халифаның бетіне шашырайды. Халифа әзілдеп Имамға айтады:

-  Жаныңызда отырған адамның кім екенін білмей тұрып, бетіне түкіргеніңіз қалай?» - дегенде, Имам:

-  Сіз Халифа екендігіңізді мақтан етіп, бірге отырғаныңызды міндет қыласыз. Дүние жүзінде сіздей халифа аз емес, ал сіздің бетіңізге түкірген адамнан артық кісіні таба алмассыз – дейді.

Халифа:

-  Сіздің бұл сөзіңіз дұрыс – деп мақұлдайды. Демек, сол заманның өзінде де ғылымға құрмет қай дәрежеде екенін аңғаруға болады.

Сүйтіп, қарапайым бір ғалым патшаға ғылымның мәнін мойындатты. Ғылымға жігерлендіру дегеніміз осы. Осындай болғанда ғана, ғылым дами алады. Демек, қазіргі заманның байлары мен мырзалары мешіт, медресе имамдары ғылым менен ағартуды дамыту үшін өздерінің қаражаттарын аямай жұмсайтын болсын. Әсіресе, мұғалімдер бұл іске қатты кірісіп, ғылым кітаптарын ана тілімізге аудару және кітаптар сатып алып бастыру, баспаларды көбейту, газет, журнал шығару істеріне атсалысуы керек. Ал, қазір бұдан артық маңызды іс жоқ.