X АДАМДАР ДІНДІ САҚТАЙ МА, ЯКИ ДІН АДАМДАРДЫ САҚТАЙ МА?

Екінші біреу құдайға сендім десе де іс жүзінде керісінше әдет қылады. Соған дағдыланған. Осындай адамдар ауызекі сөйлегенде ләйилаһа илалла мұхамадүррасулалла десе де*, іс жүзінде тағы да бірнеше ұсақ, кіші тәңірлерге табынады. Бұл пайғамбарымыздың жолына ашықтан ашық қайшылық екендігі белгілі. Бұларды иманды адам дейміз бе, әлде кәпір дейміз бе? Бұндай үш топтаға адамдардың үшеуінің де үш түрлі діні бар. Ең әуелгісі, әрі пайдалысы – құдайға сыйынған. Басқалары әртүрлі діндерді ұстанған. Дінді жасанды деушілерге қарағанда бұлар біршама тәуірлеу. Қысқасы, адам көңілі әр нәрсеге қуалай берліп, бой ұсынса, ол соның діні болады. Демек, Әшшайық Жамалледин Әл Афғанидің айтқан жолы осыған саяды. Сондай-ақ, дін адамдарға мүдуар емес, адам дінге мұқтаж, адамдарды дін ғана дүниеге мәлім етеді.

Ислам қауымындағы бірқатар адамдар нақты, ақиқат дін жолын тұтпай, дінді теріс ұғушылар пікірін малданып, қараңғылыққа, надандыққа қарай бет алады. Біз оларға: «Сіздер құдайдың нақ дұрыс жолына түсуге әрекет етіңіздер, теріс пікірлерге алданған істеріңізден дұрыс қорытынды шығарыңыздар» дейміз.

Біздің халқымыз ақиқат дінді ұстаса, біз надан, жалқау боп қараңғылықта қалмаған болар едік, ұрлық, қиянат, арақ ішу, карта ойнау сияқты халықты бұзатын қылықтардан ада болар едік. Демек, шын дінді тұтсақ, әлем алдында масқара болмаймыз. Жоғарыда айтылғандай жаман мінез-құлықтардан аулақ болған болар едік. Ақиқат дін жолмен жүріп тапқан киім-кешек, тамақ, үй-жай сияқты игіліктеріміз адал болады да, өзге жолмен тапқан нәрселеріміз арам болады. Қайдағы бір ескі ырым-сырымға сыйынып дін жасау лайықсыз. Қайталап айтамын, ақиқат дін еш адамның желеп-жебеуіне мұқтаж емес, ал діннің өзі адамдарды дұрыс сақтай алады, дұрыс жолға бағыштайды деп дәлелденген шындық. Құранда осылай айтылған.

_______________

* Алладан басқа тәңірі жоқ, Мұхаммед – алланың елшісі – (осы сөз иманның бірінші белгісі)