МЕҢДІХАНОВ ИШАНҒАЛИ ҚАЗАСЫНА

Қара жер әркімнің де қонар жері,

Қызыл гүл жүздер семіп солар жері

Қияда шалықтаған көңіл сұңқар

Бір күні жермен жексен болар жері.

Желпініп қанаттары сынар жері,

Жан ашыр жақындардың жылар жері.

Табашыл тар көңілді дұшпандардың,

Жәй тауып көңілдері тынар жері.

Туған жан өлімді ақыр бір татады,

Қара жер қойнына алып ол жатады.

Теңсіздік арамызда қолдарында

Арманда кеткендігі сол батады.

Ер едің қанды жүрек жеке туған,

Елім деп ерте оянып белін буған.


Жоқтаусыз ел намысы кетпесін деп,

Аямай шыбын жанын қылды-ау құрбан.

Әр жерде ақыл салған жақын торлас

Жоқтамай сізді өксіп көңіл тынбас.

Қайысты қабырғамыз естікенде,

Топырағың жеңіл болсын таза жолдас.

Ұйқың шад, жаның жәннәт тұрақ болсын,

Ағасы елдің жарық шырақ болсын.

Абырой артыңда жұрт рахат туып,

Әр түрлі әрекеттен жырақ болсын.