КӨҢІЛГЕ

Сен неге жабырқадың асқан көңіл?

Телегей теңіздерше тасқан көңіл.

Жабығып жау жанында жалғыз қалсам,

Сабырдың санасымен ашқан көңіл.

Не болды саған мұнша байтақ көңіл,

Жүйріктей жаратылған жайтақ көңіл,

Ой жетпес, ақыл жетпес нәрселерді

Бәрін де білуші едің байқап көңіл...

Не болды саған мұнша тарпаң көңіл,

Көп көрген дүниені қартаң көңіл

Ғайыпты көзбен көрмей, оймен білген

Баяғы қайда кетті санаң көңіл?...

Не болды саған мұнша керім көңіл,

Іштегі тарады ма шерің көңіл?...

Қаратқан мың сан елді аузыңа,

Сондағы қайда кетті сенім көңіл?


Не болды саған мұнша тозып көңіл?

Бәйге алған талай топтан озып көңіл?

Басыңа шыққан мүйізің көрінбейді

Талайдың таңын жырттың созып көңіл.

Не болды, жабырқайсың азып көңіл,

Жүрмісің бір нәрсеге азып көңіл?

Емессің баяғыдай осы күнде,

Тап-таза тартқан сымдай нәзік көңіл.

Кірлейді мұнша неге таза көңіл?

Кетеді мұны ойласам маза көңіл.

Абайла алды-артыңа бірдей қара

Кез болу қайып емес қаза көңіл.

Не болды саған мұнша алғыр көңіл?

Секілді сел ағызған жаңбыр көңіл

Алдыңда ажал үйі – қазған көр бар

Сүрінбе, қарсы жатса қарғы көңіл...


Сен бе едің жабырқайтын, жасып көңіл?

Таусылмас тіршілікте кәсіп көңіл...

Обалы қатын, бала кімге қалар...

Бір күні тоқтап қалса нәсіп көңіл.

Бір кезде судай шалқып тасқан көңіл...

Талабы қап тауынан асқан көңіл.

Құс жетпес қанат қағып ұшқан көңіл,

Жерлерге жетіп аяқ басқан көңіл...

Ендеше тұра тұршы тоқтап көңіл,

Қайтейін кем-кетікті жоқтап көңіл,

Бұл сырым көңіл саған айта салған

Қалғанын жазам тағы топтап көңіл.