КӨҢІЛГЕ

Сен неге жабырқадың асқан көңіл?

Телегей теңіздерше тасқан көңіл.

Жабығып жау жанында жалғыз қалсам,

Сабырдың санасымен ашқан көңіл.

Не болды саған мұнша байтақ көңіл,

Жүйріктей жаратылған жайтақ көңіл,

Ой жетпес, ақыл жетпес нәрселерді

Бәрін де білуші едің байқап көңіл...

Не болды саған мұнша тарпаң көңіл,

Көп көрген дүниені қартаң көңіл

Ғайыпты көзбен көрмей, оймен білген

Баяғы қайда кетті санаң көңіл?...

Не болды саған мұнша керім көңіл,

Іштегі тарады ма шерің көңіл?...

Қаратқан мың сан елді аузыңа,

Сондағы қайда кетті сенім көңіл?