БЕТАШАР

Қырқұдық, Борсы – көліміз,

Іргелі мынау еліміз.

Қайырлы, құтты жай болсын,

Келіп түскен жеріңіз.

Ойдан, қырдан жиылып,

Ардақты келін келді деп,

Отыр ғой бәрі сүйініп.

Ана отырған ақ шашты,

Ақ көңілді, ықыласты

Баршамызға ана еді,

Бармай тапқан қағба еді.

Шырағымнан басқа сөзі жоқ,

Қабақ шытар кезі жоқ,

Үлкен енеңізге бір сәлем!

Қанипа деген өз енең

Момындыққа ыңғайлы,

Үй ішіне бек жайлы

Кіші енеңізге бір сәлем!


Атаңыздың ағасы,

Жел жағының панасы,

Ауыл қарты бір өзі,

Бірліктен басқа жоқ сөзі,

Ертеңді – кеш келетін,

«Айт!» деп дыбыс беретін

Әшекең қартқа бір сәлем!

Атаңыздың құрдасы,

Бірге жүрген сырласы,

Қонақ келсе жарқылдар,

Ақсия күліп қарқылдар

Әубәкір деген атаңызға бір сәлем!

Қаден деген атаңыз

Ажары сұлу форымды,

Әрбір ісі орынды.

Жиын жерден қашатын,

Сөйлесе, аздап қосатын,

Жүрген жерін еш айтпас,

Күтірге барса, бос қайтпас

Қадекеңе бір сәлем!