ҺӘР КӨҢІЛДІҢ БІР ОЙЫ БАР

Болады һәр көңілдің бір түрлі ойы,

Ойлайды ол сол бір ойын күні бойы.

Тұмсығы тасқа тиіп қайрылса да,

Ол ойдан көрінбейді қалар сойы.

Қайрылып қайта бастан етер талап,

Еткенде талабы сол баяғы ойы.

Мал жинап, байлық тапсам дейді біреу,

Көбейсе көңілі хош, жылқы қойы.

Біреудің іздегені ойын, сауық,

Тарқамай тұрса дейді елдің тойы.  

Сүрсем дер біреу билік дәреже алып,

Атағым ел шетінде жерді жарып.

Айбарлы, аруақты батырдайын

Дұспанға қол ұсынсам қарсы барып.

Түлкідей құйрық атып, құрып айла

Біреу жүр көрінгенге сұмдық салып.

Біреудің ту дегенде бір қара жоқ

Жүдейді өз сөзіне өзі нанып.

Қарундай дүниеге біреу харис,

Ғұмырында көргені жоқ һеш жарық.


Кей адам іздегенім тапсам дейді,

Қарысқан жауын тауып, шапсам дейді.

Біреудің баққан аңы ел бүлдіру

Шоқ тастап, пітінә* отын жақсам дейді.

Кей жанның есі-дерті харам ішкі,

Стакан бір толтырып қақсам дейді.

Кейбіреу ат сүйеді, біреу қатын,

Қиғаш қас жар қойнында жатсам дейді.

Қиналмай хазинаға душар болып,

Біреулер қарық олжаға батсам дейді.

Бір жандар алғанымды бермесем дер,

Бір шыққан төрді қайта көрмесем дер.

Кісіге әлім жеткен етіп күштік,

Қолымды шар тарапқа сермесем дер.

______________

*Пітінә - қатар ниеттілік, арамдық.


Әр жерде өз дегенім, өзім істеп,

Кісінің дегеніне жүрмесем дер.

Бет алып, тартқан жөнім болып қыбыла,

Көңілді ешбір жаққа бөлмесем дер.

Осылай әр көңілдің бір ойы бар,

Ойдағы болып көңіл делбесем дер.

Бұлардың бәрін бос дер менің ойым,

Дүниенің етсем талақ ойын, тойын.

Таяныш жығылғанға болап сүйеу

Бұл жолға етсек жігер қойып мойын.

Жұбатып жылағанға беріп шаттық,

Қайғылы көңіліндегі тапсам ойын.

Киімсіз дір-дір қатып келген тоңып

Жетімді бауырыма алсам, ашып қойын.

Дүниеде еш арманым қалмас еді,

Тап солай, болып өтсе ғұмыр бойым.