ТҮС

Өткен жұма түнінде,

Мен бір ғажап түс көдім.

Түс болғанда тамаша,

Адам нанбас іс көрдім:

Ылдиы жоқ, қыры жоқ,

Кең алқаптың үстінде,

Қыбырлаған жандардың

Көптігін шектен тыс көрдім.

Қиыры жоқ, шеті жоқ,

Толып тұрған адамдар

Бұ, не деген көпшілік,

Шамасы үлкен базар бар.

Шырамытып біреуді

Жанына бардым жақындап

Сұрап едім «бұ не?» деп,

Қоя берді тақылдап.


«Бұны білмей не жансың,

Бұл қадімгі мақшар ғой,

Жаман, жақсы шекара,

Бұл бір тұрған жапсар ғой,

Мақшар туған күнінде,

Күнәлілер қақсар ғой.

Талайлар мұнда сүрініп,

Талайлары ақсар ғой».

«Ана тұрған көрініп

Асып қойған шеккі ғой.

Сол шеккі де талайдың

Соры қайнап кетті ғой.

Сұрқиялар жұртты алдап,

Теріске айдап жан-жалдап,

Адастырып әлемді,

Қас масқара етті ғой».

«Жұртты бастап жетелеп,

Қолдарынан келмеске,

Ертегі айтып нандырып,

Ақыл жетіп сенбеске.


Жер көтерген өгіз деп,

Өгіздің асты теңіз деп,

Жоғын айтып құдайдың

Әбден түпке жетті ғой».

Аң-таң болып бұл сөзге

Тұрғанымда құр текке,

Шаң көрінді айдаған

Көп кісіні бір шетке.

Көз жіберіп қарасам

Бәрі таныс адамдар,

Бөз ораған басына

Қаратаяқ надандар.

Арқасында бәрінің

Ауыр-ауыр жүктер бар.

Ала-құла, түрліше,

Арасында жіктер бар.

Бір жағында бұлардың

Ақсақ-тоқсақ айдаған.


Ылғи жадау мал көрдім

Мойнына арқан байлаған.

Арқандардың бір ұшы

Молдалардың қолында,

Жүк астынан көрініп

Көздері тұр жайнаған.

Көрген шақта бұларды

Ішім білді ұрғанын.

«Бала тұлпар» кітапта

Айтқан сұмдық болғанын.

Ауыстырып танаға

Жұрт күнәсін арқалап,

Өңшең көк ми сорлылар

Өз басына қылғанын.

Жанымдағы ділмарға,

«Кел, кетелік бұлай» деп,

Ишараттап сөз айттым,

«Келіспеді сылай» деп.


О да қорқып тұр екен,

Дем алалмай ынтығып,

Шыға беріп сөйледі:

«Сақтағайсың құдай!» деп.

«Танимысын, бұлар кім?»

Дейді маған жолдасым.

Бәрі таныс үндеме

Құдайым сақтап қолдасын.

Мен келемін үндемей

Қуана ма екен анау бір.

Текке қарап келмейді,

Сөз айтады бір сыбыр.

«Шикі ме едің сен де» деп,

«Үндемейсін мүлде» деп,

Шынтағымен түрткілеп,

Күбірлейді бұл құрғыр.

Түсім салып, сыр бермей,

Оған қарап айтқаным:

«Қалжыңдама, не керек?!

Шапшаңырақ ұмтыл, жүр!»


Біз бұл жерге келгенде,

Аттар мінген қанатты,

Айбары зор, санаты,

Қарсы келді көп кісі,

Пормы киген баршасы.

Зиялыдай көрінді,

Алдарында біреу жүр.

Басында бар кепкісі.

Тани кетті ділмарым,

«Әлекем ғой анау!» деп,

«Әулет сүйген ерлердің

Дәрежесі сол-ау!» деп

Пәлсәпәсын соғады.

«Ақиқаттың жолында

Жан қинаған ерлерге,

Не болса да, жол-ау» деп.

Ойыма алдым бұл қалай?

Әлі мұны қаралап.


Жүрмеп пе еді молдалар,

Түрліше айтып жаралап:

«Дін білмейді пақыр!» деп,

«Дияннықа* тақыр» деп,

Аяушы еді кейбірі,

Айтпаса да саралап.

Маңдай алған бағыты,

Ұжмақтың жолында.

«Алаш» сөзі жазулы

Ұстаған ту бар қолында.

Алғы сүндет, гимназист,

Оңы менен солында.

Жарқылдатып кеткенін

Қарай қалдық соңында.

Тап болдың мұнан шығып аз сабазға,

Артпаған бес-алтыдан саны азға.

Үркердей топтанысып, сауық құрып,

Келеді құлақ салып тартқан сазға.

_____________

*Дияннык – діндар.


Ұстаған қолдарында жарлығы бар,

Жазылған алтын потал ақ қағазға.

Тігілген киіз үйдің рәсімі тұр,

Көз салсам алдындағы бір қағазға.

Жолдасым жөн сілтейді, маған енді:

«Сөз жалған жазушылар бұлар» дейді.

«Сарыарқа», «Ұран», «Қазақ», «Бірліктерден»,

Шығарып жол көрсеткен солар дейді.

Көрсетіп қолыменен анау рәсім,

Киіз үй мағнасын кім ұғар дейді

«Халқының көзін ашқан сабаздардың.

Әлбетте орны ұжмақ шығар» дейді.

Мен айттым тағы газет болушы еді.

«...» дым-ақ тәуір көруші еді,

«... ...» я, «Үш мың бе екен мұның аты,

Әйтеуір – соған ұйқас келуші еді.

«Жоқ шырақ, оның орны басқа» дейді,

«Мәсліксіз жазушысы қасқа! ...» дейді,

«Оны айтып бұл арада, не қыласың,

Шығарып ойыңыздан таста» деді.


Сөз айтып бұған қарсы, дым демедім,

Түсініп іс түріне, үндемедім.

Адамсып әр турада білгішсінген,

Нәзірін танысам да күндемедім...

Келгенде осы араға, көзімді аштым,

Табалмай түс жоруын көп адастым.

Қол сілтеп ақырында бұл хиялға,

Киініп өз жолыма аяқ бастым.

Сөйтсе де кейбір «хиял» ақиқатпен,

Іргелес қонатын деп жұртқа шаштым.