ТАСТАҒАН ЖАРҒА

 Жарым, жаным,

 Бұл қалай?

 Жалғызым, бар

 Бұл қалай?

 Ұмыттың ба құдайды?

 Асығым менің

 Бұл іске,

 Кәрібім менің

 Бұл күшке,

 Жүрегім нағып шыдайды?

 Алысқан қол,

 Айтысқан серт,

 Көздеген жол,

 Көкіректе дерт,

 Жасырыңды ма? жатты ма?


 Аумалы көңлің

 Аспалы зейінің,

 Кірсіз бейілің,

 Тұрлаусыз мейілің,

 Әлде өзгені тапты ма?

 Сарғайған жүз,

 Сағынған жүрек,

 Шалдыққан көз,

 Жалынған тілек,

 Алдыңда тұр, міне!

 Қан солды,

 Шаршадым, біттім, 

 Мезгіл толды,

 Уағадаң күттім

 Маған айтарың не?!