НЕДЕН ҚОРҚАМ?

Аждаһа алты басты жаудан қорқам,

Бүлдірген ел арасын жаудан қорқам,

Күлімдеп кіріп, ішкі сырыңды алып,

Құрылған аяқ асты даудан қорқам.

Ертеден кешке дейін бір іс етпес,

Жатып іш жалқау – дені саудан қорқам.

Кім көрсе соған айтқан сырдан қорқам,

Әңгіме сырдың түбі жырдан қорқам.

Сүзіліп, сұпысынып дінді сатқан,

Таңқы мұрат, таспа қара, сұрдан қорқам.

Бұлғақтап құр білімсіз, ағымға еріп,

Білгенді еліктеген зырдан қорқам.

Асығыс істей салған істен қорқам,

Қандары тасқан қара күштен қорқам.

Дос болып бірге жүріп қастық етіп,

Тысына қайшы келген іштен қорқам,

Көруге бек әдемі болсадағы,

Құбылма тез оңатын түстен қорқам.

Мезгілсіз ерте туған таңнан қорқам,

Жауынсыз құр желдеткен шаңнан қорқам.

«Таң туды, мезгіл жетті» деп адасып,

Құрылған қараңғыда заңнан қорқам.


Істері адамдыққа жанаспаған,

Жануар – екі аяқты аңнан қорқам.

Көлеңке елестеген бойдан қорқам,

Түс көріп, өң деп ұққан ойдан қорқам.

Теңгеріп жарлы байды, құрып жұмақ,

Теп-тегіс жұртқа жеткен тойдан қорқам.

«Теңгердім, той жасадым жұрт үшін» деп,

Жер-жерден шалған құрбан қойдан қорқам.

Ұжымақ көктен жерге еңбек емес,

Мезгілсіз бір нәрсе де келмек емес.

Өзің ту, ұл тусаң да, қыз тусаң да,

Әкеліп біреу саған бермек емес.

Табиғат заңы, жолы өзіңе хас,

Ешкімнің жетегіне жүрмек емес.

Адаспа, аңдық етпе, адам ұлы,

Көрінген о бір сағым көзіне елес.

Сағымды «су таптым» деп жұрт жинасаң,

Жындыға айтар сөз жоқ құрып кеңес.