ТІРШІЛІК МҰРАТЫ

Дүниеде жаман, жақсы бірдей тұрар,

Әр кім де өз әлінше дүкен құрар.

Үлес не тіршіліктің тиді мұрат,

Албат ой өз-өзінен бір күн сұрар,

Аспалап жүйрік неме орағытып,

Шалықтап неше түрлі жолға бұрар.

Бойлауық бесті-асаудай ойдан қырға,

Орытып ізі – жанын терге бұлар.

Қаншама бойласа да ақырында,

Жуасып, қолға тұрып – мойын сұнар.

Мұрат не, тіршіліктен бұл жиһанда,

Жауап жоқ, бұған әлі, көңіл тынар.

Жоқ жолын душар келіп тапқан білер,

Тіршілік дәмін көріп татқан білер.

Үйлескен ақыл ойы дос жолында,

Сарғайып жілік майы аққан білер.


Ой жетпес, ақыл шешпес бұл түйінді,

Махаббат көңіл шамын жаққан білер.

Әуелі қолдан келсе еліңді сүй,

Ел үшін еңбек еткен еріңді сүй,

Кағбаға тауап ету керек болса,

Кір жуып, кіндік кескен жеріңді сүй.

Алауыз ащылықтан не бітеді,

Ынтымақ басты қосқан желімді сүй.

Қайғынды, шаттығыңды бірдей бөлген

Берік дос, бекінетін беліңді сүй.

Лебізі жанға сая, дертке шипа

Ақ жүзді-ай сәулелі нұрыңды сүй.

Еш мұрат бірінен де табылмаса,

Қараңғы кіріп жатар көріңді сүй.