КҮН ТУДЫ

Екі талай іс болып,

Елге қиын күн туды.

Аспанда ай, күн тұтылып,

Жер-жиһанды қан жуды.

Көзі ашық елдер қам қылып,

Ертерек бекем бел буды.

Тіршілік керек бізге де,

Қоялық енді қалғуды.

Қара қазан қамы үшін,

Ер азамат жиналып,

Қорғалық мынау жер, суды.

Сыналатын ерлігің,

Сақталатың серлігің,

Көрінетін елдігің,

Күн туды алаш! Күн туды.

Төңірекке көз салсаң,

Оңған елден үлгі алсаң,

Жұртшылықтың жолында,

Қарулансаң қармансаң,

Қолыңа алған әр істе

Тазалықты қолдансаң,

«Алаш» атты ел болып,

Адамдықты табарсын.


Жаман бұқа сияқты

Бұзау бағып шықпасаң,

Жатқа қылар қару жоқ,

Бір-біріңді мықтасаң,

Елдік етіп бас қосып,

Байланған сөзді ұқпасаң,

Шілдей тозып әр жерде,

Құлшылдықты қаларсың.

Терезенді тең етіп,

Теңгеріліп ер жетіп,

«Алаш» деп ұран шақырып,

Шапқан шөптей жапырып,

«Бауырым» деп бас қосып,

Малта жесіп, е десіп,

Дос-жарыңды күлдіріп,

Дұспанды іштен тындырып,

Іс қыла алсаң қылатын,

Ел бола алсаң болатын,

Күн туды алаш, күн туды.