ЗАЛАЛДЫ ТОРҒАЙЛАР

Көбейді түрлі торғай осы күні,

Шұқиды жас егінді күні, түні.

Серпіліп бір саябыр болмас па екен,

Сырылдап Тұрымтайдың шықса үні.

Бір неме жасамаса қояр емес,

Бәрінің жас бидайға түсіп жаны.

Жалғасып Тұрымтайға қырғи шығып,

Құрғырлар бітер ме еді қалмай дымы.

Қалдырмай қанаттарын жұлар ма еді,

Тартсақ та тоғыз екі торғай құны.

Жалбырап бақтың гүлі аман өсіп,

Жетісіп толар еді көрік сыны.

Иіліп басы толып піссе бидай,

Жан сая табар еді көріп мұны.

Кесірлі торғай біткен бітер ме еді,

Құдайдан жарылқасын тиіп шыны.

«Тұрымтайын» жіберіп,

Торғай нетті демесін.

Жайға жүрсе торғайлар,

Кудалаймыз немесін?!


Түсіндірсін торғайды,

Егіндерді жемесін.

Жайға қарап жүрмесе,

Жай айтқанның мәнісін,

Құлағына ілмесе,

«Тұрымтайдың» соңынан,

«Қырғи» шығар сыпырып,

Айтпады ғой демесін.

Елдің соры кім екен,

Егін жеген торғай ма?

Жә болмаса торғайды,

Қорғаушы да сондай ма?

Ашық айтып арасын,

Ағы менен қарасын,

Пайда, залал шамасын,

Көрсетуге болмай ма?

Бір күніме керек деп,

Торғайлар да көмек деп,

Дүниенің жүзінде

Көздегенім жемек деп,

Сол мұратпен қорғай ма?


Торғайларға бас болып,

Тойғанына мас болып,

Ел мұратын ескермей,

Игі жолға қас болып,

Өз пайдасын қамдай ма?

Бұлай болса олар да,

Әділ қазы алдында,

Торғайлармен жанаса,

Орын алып қонбай ма?

Бұл арасы оқушым,

Ойладағы өзің шеш.

Маған қалса екеуін,

Бір қосақтап жіберсек,

Елдің көзі ашылып,

Сонда ғана оңбай ма?!