АСЫЛ ЕР

Асыл, асыл, асыл ер

Асыл ерлер кеткен соң

Жаманға қалған күн құрсын,

Оң мен солды айырмас

Наданға қалған күн құрсын.

Саба құрсақ кешегі

Қарасына көз тойған,

Қарарына ел тойған

Билер көсем кеткен соң,

Ел ішінде осы күн

Алымнан басқа аңы жоқ,

Жұрт жайында қамы жоқ,

Сыңартық бұқа пішімді

Әкімге қалған күн құрысын.

Қала берсе бұлардан

Ғарыптарды олжалап

Өсім алып мал жиған

Осы күнгі қалтылдақ

Байларға қалған күн құрсын.


Қала берсе бұлардан

Бақсылық құрып елді жеп,

Кітап ашып дінді жеп,

Тәртіпті оқу зазал деп,

Дінге қосып күнді жеп,

Қотыр ешкі, ақсақ қой

Пидиядан келген жеп,

Осы күнгі бір пара

Білімі жоқ көңлі зор

Дін мен күнге бірдей сор

Моллаға қалған күн құрсың,

Бұған жалғас осы күн

Ежік, ежет қалдырмай

Оқытады балаға.

Ақы-мақы сұрамас

Қанағат етіп тұрады

Зекетке берген танаға.

«Жақсы молла бұлар» деп

«Ескіні бұзбай тұрар» деп

Бастан иіп бағынған.


Шайхым мәдет бергіл деп

Өзі сынды адамға

Мүрид болып танылған

Таспа қара, таңқы мұрт

Надан сопы бұ құрысын.

Адастырған бұларды

Алдаушы, ишан о құрысын.

Не құрыса, со құрсын.

Қала берсе осы күн

Болыстықтың жолына

Жүздеп, мыңдап шашылып

Жылай кеткен мал құрсын.

Бұған жалғас алпыста

Он бес жасар қыз алып

Сорға шыққан шал құрсын.

Су санап Еділді ұмытып*

Кеткенімді қарашы:

Бәдел хажге барам деп,

Өліп кеткен адамды

Күнәден пактап алам деп,

Кәсіп үшін алынған

Хажылық деген ат құрсын.

_______________

* «Сонан енді ұмытып» деген болуы мүмкін.


Өз жөнімен өле алмай

Қартайғанда қаңғырып

Зияратқа барам деп

Содан сауап табам деп

Мола баққан қарт құрсын.

Бәрінен де бегірек

Осыларды шығарған

Самарқанд, Бұқар сарт құрсын

Құрысын демей не дейін,

Мың миллион сарп етіп

Қазыналы ақшадан

Өңшең мола салыпты.

Мұсылманның баласы

Ғалымдық жоқ, өнер жоқ

Сол моланың басында

Көрген түске мәз болып

Соры қайнап қалыпты.

Көріп тұрған жандардың

Жүректері жаныпты.


Басқа елдер осы күн

Өнер, ғылым күшімен

Құстан зият көкте ұшар

Мұсылманның баласы

Екі көзі жасаурап,

Өлексеге табынып.

Жүзін сүре жер құшар.

Сақалдары сапсиып

Жуанмертке* таласып

Бір-бірімен соғысар.

Басқа елдің ғалымы

Әрбір пенен нұр шашар.

Бізге біткен молдалар

Әстнжа хиз** хақында

Бақытасып*** сынасар.

Басқа елдің байлары

Ғылымдықтың жолында

Ұқып үшін жұрт салар.

____________

*Жуанмерт – береген, мырза, парасатты.

**Әстнжа хиз – діни ағымдардың бір түрі.

***Бақытасып – таласу мәнінде. 


Біздің елдің байлары

Қатын жию баққаны

Екеу жетпей, үшті алар.

Басқа елде адамдық

Адалдық етпек жұртына.

Іші, сырты бір қалып,

Сап көңілдік қолданып

Дос, дұшпаны бірдейін

Разы болмақ халқына.

Біздің елде адамдық

Сопылық құрып сызылып,

Екі көзі сүзіліп,

Күні сайын бір қағып

Күн көрсетпес жұртына.

Іші қалай болса да

Ешбір зиян етпейді

Екі жүздік, риялық

Бояуын жағу сыртына.

Қарары жоқ сөзінде,

Ажары жоқ жүзінде,

Ешбір адам жетпейді

Анты менен шынына.