СӨЙЛЕ ТІЛІМ ЖАЛЫҚПА

Сөйле тілім, жалықпа

Жалықпақ жақсы қалып па?

Жалқаулыққа бойсұнып

Тек жатар жөнің бар ма еді,

Білгеніңді көрсетпей

Тегіс жайып халыққа.

Ойдағыңды жасырмай,

Бүкпе сақтап қашырмай,

Айдай әлем алдында

Айтарымды анықта,

Ақ сұңқардай шалықта.

Бұл жалғаншы дүниеде

Бақыт жүзін көрмек жоқ,

Қайғысыз көңіл күлмек жоқ.

Болмас үшін зарықпа,

Табылмасқа тарықпа.

Талайлар келіп кеткен-ді,

Талай болып өткен-ді

Армансыз кеттім дегенді

Ешбір құлақ шалып па?!

Іздегендер тауып па?!


Арманы көп жалғанның,

Жиһан деген қонысқа

Қонып дамыл алғанның,

Жан иесі жанған шам

Лапылдап қалай жанса да

Сөнуі міндет жанғанның.

Қыса етіп азырақ

Жалғанның мынау жайынан

Тыңдасаңыз сөйлейін

Еске құдай салғанын,

Қатерімде қалғанын.

Асылына қайтар әр нәрсе

Деген бір сөз бар еді-ау

Бар ма екен, әлеумет,

Мұны бір жадқа алғаның.

Асылына қайтсын әр нәрсе

Ақырында деген сөз

Жарлығы қадір алланың.


Лауһіл махфуз* тақтайға

Әзелге жазып бекіткен

Қадір алда пәрменін.

Жерден өсіп шыққанды

Адамзат, сенің, қан, тәнің,

Жоғары көктен енген-ді

Ғазизлеген бір жаның.

Асылына қарай бет алып

Асар болса шыбын жан

Бәрі бірдей тұл қалар

Қаның, тәнің, жиғаның.

Қара жердің үстінде

Біреумен дос, қас болып,

Көз ашып жұмған секілді

Көрінбес дүние қуғаның.

Жайшылықта кез болса,

Құлақ жетер жиналып,

Арулап көмер ақ жуып

Қибла, қауым – туғаның.

______________

*Лауһіл махфуз – діни түсінікте адам тағдыры алла әмірімен бір тақтайда жазулы тұрады.


Таршылықта тап болса,

Жаушы жалам шұқылған

Бір жерошақ ішіне

Білмессің қалай қонғаның.

Тар лахатке кірген күн

Дұспан күліп, дос жылап,

Еске алынар бірқатар

 Жаман, жақсы қылғаның.

Екі айналмай мұт болар

Кең жиһанның жүзінде

Қожа болып бір жанға

Азды-көпті тұрғаның.

Өз дегенің болмаса

Көксіл* едің көнбеген

Ыспат етер хатаңды

Ажалға мойынсұнғаның.

____________

*Көксіл – сұңқар.


Хан төрені шалмаған

Ешкім аман қалмаған

Ал дегенше алдаған

Алтынбасты арбаған

Опасызға сенем деп

Тырнақтап жиып терем деп

Жоқ еді ешбір тынғаның.

Елеуретіп, есіртіп,

Сағымды су деп шешінтіп

Білерсін со күн жалғанның

Алдап жүріп ұрғанын.

Тайғанаққа құлатып,

Тақыршаққа сұлатып

Болғаннан соң не пайда?

Білгеніңнен қалғаның.

Солай хәлі дүниенің

Көнбесіне не шара

Басқа түскен бәнденің.


Замананың жайынан

Уайым етіп сөз жазып

Жаярға жалпы қармандым.

Сөз қадірін білмеген

Құлағына ілмеген

Санасызға шамдандым.

Кітап сөзі дегенде

Бәрі осындай кеңес-ті,

Осыдан артық емес-ті.

Көтере сөйлеп не етейін

Өзі-ақ берер төресін

Тыңдап құлақ салғанның.

 Бұлдыр да, бұлдыр бұлдыр тау,

Бұлдыраған бұ таудың

Көрер күні не болар?

Төбесінде бұлт жүріп

Мұнарланған бу болар

Етегінде тас жарып

Бұрқыраған көбігі

Көрінім жер шарпылып

Шарлап атқан су болар,

Судың көркі не болар.


Аю, марал орнаған

Орнағанды құтқарып

Әрбір жаудан қорғаған.

Орала біткен жағалай

Орманы қалың ну болар.

Жердің көркі не болар

Көкорай түрлі шөп өсіп,

Белден қалың шық түсіп,

Тұяқ шыйыр болмаған

Ақырған жеді түскенше,

Байлар баса қонбаған,

Жылдана жатқан ту болар.

Елдің көркі не болар?

Төресі ғаділ хан болар,

Қала берсе қара жер

Қайыстырып қаптаған

Орнаған дәулет мал болар

Ханның көркі не болар?

Шейілгенді шешуге

Шешілісті кесуге

Өресі жеткен би болар.


Телі, тентек басылып,

Жайма шуақ ашылып,

Бейбітшілік шашылып,

Шаруа жай, жұрт тыныш

Оңып тұрған күй болар.

Батыр көркі не болар?

Ел шетіне жау келсе

Қиялай – қиқу орнаса,

Көк темірді киініп

Мұрасы қалған атадан

Ескі аруаққа сыйынып,

Жауға қарсы емініп,

Шағаладай шаңқан боз

Тұлпар атын тебініп,

Алмас қылыш ойнатып,

Домалантып бас кесіп,

Толарсақтан қан кешіп,

Көк шыбықты бөктіріп,

Көк сырлы оғын төктіріп,

Жарқыраған көк сауыт

Тері тондай жарттырып,

Жауды қырдан асырып,

Үріккен қойдай қашырып,


Елге қайтса жаралы

Батыр көркі сол болар.

Байға не етсе жарасар?

Ағайын жұрты құрасып

Ерте келген қонағы

Кешкісіне ұласып,

Жат, жақынды айырмай

Мұқтаждарға қарасып,

Етек жеңін кең салып

Балпаң аяқ жай басып

Тұрса сүйте жарасар.

Ерлер не етсе жарасар?

Жебелей басқан ат мініп,

Жолдас-жора ертіп,

Бауырлаған үйрек, қаз

Дауылпаз соғып ұшырып,

Лашын шүйсе жарасар.

Иісі жұпар аңқыған

Бұғағы судай толқыған

Қиғаш қасты, ақ жүзді

Ару сүйсе жарасар.


Арулар не етсе жарасар?

Алғанының тұсында

Қасын керіп бұралып,

Тоты құстай сыланып

Назданбаған жарасар.

Перзент берсе құдайым

Тарпалы бесік таянып

Таң маңында оянып

Бөпе сүймек жарасар.

Інжудейін үзіліп,

Сөзі шықса тізіліп,

Өнерлі туған жігітке

Күңірене, ...

Жыр толғамақ жарасар.

Сөз ләззәтін білгендер

Алысты болжап көргендер

Айтатұғын сөздерге

Ескере ...

Құлақ салмақ жарасар.


Қартқа не етпек жарасар?

Елуден жасы асқан соң,

Алпысқа аяқ басқан соң,

Жасқа лайық амалға

Хош-сау айтпақ жарасар.

Бала болып ақсақал

Жоқ бар затқа қатысып

Кәріліктің шағында

Бүлінгеннен не түсер?!

Жастар не етсе келісер?

Бағасына дүниенің

Малы жетпес өмірдің

Қадірін біле қолданып

Үлгі әрбір нәрседен

Тағылым қылмақ келісер.


Уақытында ескермей

Қадірлеген ғұмырды

Ғафілдікке өткізіп

Іс өткен соң аһ шегіп

Қайта келмес нәрсеге

Өкінбектен не түсер?!

Бәрінен де, жігіттер,

Заманға қарсы қарыспай

Ағымменен алыспай

Ғылым, өнер қаруын

Бойға тақпақ келісер.