ЖИҺАНГЕР ХАННЫҢ НЕМЕРЕСІ СҰЛТАН ШАҺИНГЕРЕЙ СЕЙДГЕРЕЙ ҰҒЛЫНА

Сұлтандардың сұлтаным,

Сұлтандардың ішінде

Алғыр қыран сұңқарым,

Ойласа ойшыл көсемім,

Сөйлесе тілді шешенім,

Сырласпай сырды білгенім,

Әл-Шыңғыста асылым,

Заманында өзінің

Әрбір ісі басымым.

Жапанның жалғыз тірегі

Ақ қалпақты қазақтың

Күбірніне керегі.

Арқаның темір қазығы

Астана қазақ жұртының

Жүрек жалғар азығы.

Таулардың биік асқары

Ақыл, мінез үйлесіп

Алаштан озып асқаны.


Бекіткен талай қапыны*

Амалын тауып ақылмен

Бұзбай, жармай ақшаны,

Ашып аяқ басқаны.

Алғыр жүйрік сұлтаным,

Ақылың жетіп алысқа

Ілгеріні болжадың.

Болжағанның белгісі.

Атаңнан мұра қалған су

Көл Борсыны меншіктеп

Жағасынан жер алдың.

Бағарымға ұсатып,

Балахана жасатып,

Оямыш терек өсіріп,

Көлеңкесін түсіріп

Жасыл ала жол салдың.

___________

*Қапы – қақпа


Салғанына қалайша

Ақыл тауып жетпейді

Кешегі өткен бабаңыз

Хан Жәңгірден үлгі алдың.

Атадан қалған жол-ды деп

Ендігі ісім сол-ды деп

Салтанатың арттырып,

Шандоз сұлу ат мініп,

Нөкер жолдас ертіп,

Ит жүгіртіп құс салдың.

Шешен-шайыр жырлатып,

Сөз асылын хош алдың.

Хош алғанның белгісі

Көк ала орда залында

Жақсы игілер бас қосып

Алқалы мәжіліс құрғанда

Мұңлы ауһаз шығарып

Шайырлар толғай тұрғанда,

Таң сазында жаздықтың

Ескен саба желімен

Жапырақтай сілкінген

Әсер беріп қозғалдың.


Мәжілісің хош, қапуың бос

Кеткісі келмес қасыңнан

Келіп кірген адамның.

Көруге жүзің асық боп

Айшылық жерден жол шегіп

Талай келіп қайтып тұр,

Орыс-қазақ жұртынан

Сандақтары заманның.

Көмесе де көзіміз

Естуші ек қарттардан

Осылайша болыпты,

Тұрмысы хан бабаңның.

Ғұмырыңды сұлтаным,

Бір алладан тілейміз

Ұзағынан жарылқап

Дәуір сүріп, күнелткей

Қарашың біздей ғариптер

Саясында панаңның.


Қадіріңе, біліміңе,

Сәйкес болып келген-ді

Дәрежені бұл шекті,

Адамшылық еткен жоқ

Тәңірің қалап берген-ді.

Қысылғанда жол тауып,

Қарманғанда мол тауып,

Кеткеніңе қарасам

Үйреніп білген зат емес

Әлһәм* нұрлы енген-ді,

Һәкім де емес, хан да емес,

Хандардан бағың кем де емес.

Кем еместің белгісі

Тыңдалар сөзің әр жерде

Ешбір адам ләм демес.

Екі ауыз жазған сөзіңмен

Жер шетіне кеткен жан

Іздегені тап болмай

Мұңайып елге бос келмес.

_______________

*Әлһәм, илһәм – рухтану, шабыты келу.


Бос келмеудің себебі:

Түрлі жөнді білесің,

Жөнін тауып лайықты

Сөздер жазып бересің.

Жөнін тапқан жұмысты

Қайт етуге хош алмай

Нендей адам сескенбес.

Самарқанд, Бұқар ашпаған,

Орынбор, Қазан шешпеген

Талай мүшкіл түйінді

Бір ауыз сөзбен шешкенсің.

Өткелі жоқ ақ теңіз

Өзгеге терең болса да

Сіз өтейін дегенде

Жәйін жердей кешкенсің.

Әлһәм* беріп құдайым

Ғылымның ап алхияты**.

Жүрегіңе құйылып,

Қанып судай ішкенсің.

_______________

*Әлһәм, илһәм – рухтану, шабыты келу.

**Әлхият – мәңгілік, өмір бойы.


Заманында жұрттан озған бір ғалым

Жазық ұлы Омар да,

Законге жетік, хатқа ұста

Өте, Жүсіп бұлар да

Сіз дегенде сұлтаным

Ешбір айтар сөзі жоқ,

Жастан солай өскенсің,

Саф әулие жүректі

Балуан жолбарыс білекті

Кешегі өткен ағаңыз

Ғабидолла, Шыңғысхан

Бақи жұртқа көшкен соң.

Халық жетім қалмасқа

Жалғыз ием есіркеп

Таланына түскенсің.

Сұлтан ием мен мұны

Көріп көзге айтпаймын

Айтқанымнан қайтпаймын.

Жас та болсам дүниенің

Айтып сырын жүргенмін.

Жаман менен жақсының

Талайын жүріп көргенмін.


Әулие болсын, пір болсын,

Батыр болсын, ер болсын,

Өз әлімше тексеріп,

Сынап сырын білгенмін.

Сырын біліп бәрінің

Жиып, теріп сұлтаным,

Мыңын бірге бергенмін.

Түпкі бабан белгілі

Баһадүр Шыңғысхан екен.

Арғы атаң атақты

Әбілқайыр, Нұралы

Кіші жүздің елінде

Жарық бір жанған шам екен.

Бабаң Бөкей бас болып

Көлденең жатқан Жайықтан

Көктей етіп, ел бастап

Қоныс алған хан екен.


Бергі атаң хан Жәңгір

Еділ, Жайық арасын

Мекен етіп, шәр салып,

Шар тарапқа жар салып,

Қарағаш пенен қалмақтан

Сызық салып жер алып

Қайраты асқан дана екен.

Ойлап тұрсам соларды

Тұтқасы жоқ, түбі жоқ

Дүние шіркін пәни екен.

Пәни демей, не деймін?

Заманында әрбірі

Жер сілкінткен сол ерлер

Бір-бір тәмпе астына

Мекен етіп қоныпты.

Қызыл гүлдей жүздері

Ақшыл тартып солыпты.

Жан иесі дүниеге

Қара болсын, хан болсын

Өлмек үшін келмегі

Бұдан мағлұм болыпты.


Белгілі болсын соңғыға

Бұл айтулы хандардың

Жатқан жерін айтайын:

Әбілқайыр ханымыз

Зияраты қалыпты

Турғайский облысы

«Қабырға» суы қасында.

Жалғыз қайың өсіпті

Биік бір шығып басында.

Нұралы хан Уфада,

Бөкейханның бейіті

Анау теңіз жағасы.

Жақын тұрса керек-ті.

Қарағаш «Сейіт» қаласы.

Жетпіс шақырым саналар

«Жігіт» пенен арасы

Хан Жәңгірдің орыны

Салдырған өзі Ордадан

Үш шақырымдай Арқада.

Жанына алып ұрпағын

Нардай шөгіп қалыпты

Жалғыз өзі ортада.


Сахыпгерей, Сейдгерей

Шаһзада, сұлтандар

Тағдырына бойсұнып

Атасыменен бір жатқан.

Мүфти қызы ханымы*

Аяғын ала бұл жатқан.

Барып көрген адамның

Тастай қатты жүрегін

Ықтиярсыз жылатқан.

Жылағанды ол жерде

Табылмас адам жұбатқан.

Зиярат басы тым-тырыс

Ыңсыз, жыңсыз жатса да

Білгенге сөзі көп айтқан

Хал тілінің сөйлеуін

Дұрыстаса керек-ті

Ғибрат алып, дұға айтып

Ол жерге барып бір қайтқан.

______________

*Фатима Тоташ Мұхамеджан мүфти қызы.


Қанша айтсақ та хан соңы

Болмаса жалғыз Жәңгірхан

Басқа хандар дүниені

Ғафилдікпен ескермей

Өткізгенге ұсайды.

Өткізгеннің белгісі:

Жоқ бинасы* салдырған.

Мәңгілік аты қалғандай,

Әр уақыт еске алғандай,

Көңілге мұңдар салғандай

Істері жоқ қалдырған.

Ойлай да ойлай қарасам,

Болжай алмай заманды

Бұрынғылар шалдырған.

Шалдырғаны емес пе?

Ұсынса жеткен со күнде

Ғылым үшін кен ашып,

Келер жерін кең ашып

Шамдары жоқ артында

Сөнбестей етіп жандырған,

Ұқып** үшін қалдырған.

______________

*Бина – ғимарат.

**Ұқып – ескерткіш мұра.


Олардан өткен жалғаншы

Бізден де қалса керек-ті.

Оларды жұтқан қара жер

Құшағын ашып, қол жайып

Бізді де алса керек-ті.

Күн ілгері қамданып,

Ойланбасақ, игілер,

Қолай келген талай іс

Қамта қалса* керек-ті.

Қол қусырып бас ұрып,

Қапуңызда** сөйлеген

Сөзім бітті бұл жерде

Келмегені бар болса,

Кешірімді сұлтаным,

Ғафу етіп кешіріп

Кем-кетігі жоқталмай

Кете барса керек-ті.

_____________

*Қам қалу – қапы қалу, бітпей қалу.

 **Қапуыңызда –алқаңызда.