РЕТТІ СӨЗДІ КӨП АЙТТЫМ

Ретті сөзді көп аттым

Жасы үлкен ағаға.

Жаман үлгі берме деп

Кейінгі жас балаға.

Білмеймін мұным ағаның

Құлағына жаға ма?

Я болмаса тыңдаусыз

Құр далаға қала ма?

Аға деген ініге

Желден құрған пана ма?

Қайғысыз жүрген ағаны

Панаға жұртым санама.

Көңілімде сайрап тұр

Аттарын айтып қайтейін,

Ағаға сөзім жаға ма?

Жанап айтқан сөзімді

Жадтарына ала ма?

Бұктеп-бүктеп болмаса

Жаңқалтаға сала ма?


Жыр айтты деп өсектеп,

Сөз сөйлемей есептеп,

Жыланды тілі шыға ма?

Жақсылақты ескермей

Жамандыққа баға ма?

Жолсыздықты жол көріп

Өзіне лайық қол көріп,

Намысты шетке қаға ма?

Адамдықты мұнымен

Білмеймін сірә таба ма?

Өзен-дария белгісі

Қысылып қыста қатпайды.

Ер жігіттің белгісі

Жүрегінде асылдық

Жапсада қанша жатпайды.

Мағынасыздың белгісі –

Көрінгенге қызғанып,

Есі кетіп еліріп,

Ертеден кешке мақтайды.


Асыл ердің белгісі –

Адалдықты жақтайды.

Қадірін біліп ерлердің

Сыртынан даттап сатпайды,

Сырын шашпай сақтайды.

Мыйсызға айтқан сөздерің

Мый далаға шашқаның

Ескеріп сірә ұқпайды.

Әлде қандай кісі боп

Сырттан жүріп боқтайды.

Ақылдыға сөз айтсаң,

Жөнді жерге тоқтайды.

Пұлын біліп жәуһәрдің

Жүрегінде сақтайды.

Ақтық пенен қаралық

Қарсы келіп қарысса,

Аударысса, алысса,

Кетседағы бұл жолда

Ердің құны, нар пұлы

Белсеніп кіріп майданға

Ақты қостап жақтайды.


Асылзада адамның

Жақтауына кез болып,

Талай жерде адалдық

Қаралықтың басынан

Жағып салып аттайды.

Тауы бір қайтып қалған соң,

Қайтадан тұрып қайрылып,

Жабысуға батпайды,

Ұрсадағы қаппайды.

Жаз күнінің белгісі –

Қаңқылдап қазы келеді.

Жапырағы жайқалып

Ағаштар көрік береді.

Бәйшешек гүлдер құбылып,

Тұрғанын көздер көреді.

Жамандардың белгісі –

Шайтандыққа ереді.

Жақсылықты жад етпей,

Жаман жолға сенеді.

Жақсылардың белгісі –

Жақсы үлгі береді.


Астана жұрттың қамы үшін

Шырт ұйқысын бөледі.

Шыбындай жанын аямай

Артында соның жүреді.

Күндер де күндер, күн болса,

Күн қарайып түн болса,

Елге қиын іс келсе,

Ерге ауыр күш келсе,

Қадірлеген бір жанын

Қыларға пида көнеді.

Шәһид болып жұрт үшін

Күле де жанын береді.