ШЫҒАРЫП САЛМАСЫ

Көш түзеген керуен

Ұдай жүріп неше күн

Еңбек азап етсе де,

Жол мехнатын шексе де,

Келіп бір қонар қонысқа.

Сөз түзеген шешендер

Ойдағысын түрлентіп

Түрлі күйге салса да,

Бір күйіп, бір жанса да

О да бір тоқтар тынысқа.

Көш түзеген керуен

Көздеген жері бар шығар,

Сөз түзеген шешеннің,

Ойлаған мұңы бар шығар.

Түсінгенге бір нұсқа.

Ерте көшіп, кеш қонбай

Керуен жетіп ене алмас,

Ақыл, ойын сарп етпей,

Шешен үлгі бере алмас,

Ақыл терең, тілі қысқа.


Жөней шыққан керуен

Сайлы, сулы жер өтер,

Көп сөйлеген жыраудан

Жаман, жақсы сөз кетер,

Жаңылмай болмас бір тұста.

Жаңылмас жақ болмайды,

Сүрінбес тұяқ тумайды.

Сөз ләззатін білмеген

Азапқа айтқан тұрмайды,

Сайрасаң да не ұста.

Шалғайсыз кеткен жерлерін

Жалыны шыққан жағыма,

Аңдаусыз айтқан сөздерім

Ниетімнің ағына,

Оқушым, кеш бағыста.