ЖАҢА ШЫҚҚАН ЖАСТАРҒА

Балапаннан бау тағып,

Талпынып қолда өсірген

Сұңқарларым сендерсің.

Құлын күннен ардақтап,

Сүттен сұлы жем берген

Тұлпарларым сендерсің.

Қараңғыға жарық беріп,

Жиһанға тегіс нұр шашқан

Толған айым сендерсің.

Қысылғанда баратын,

Қиналған күні табатын

Болған барым сендерсің.

Ағытқан қойдай шулаған,

Тілегімен халықтың

Тәңірім берген ерлерсің.

Талма кездер жеткенде,

Тайғақ кешу өткенде,

Тілектес қара халқыңа

Қолдарың ұшын бергейсің.

Сендерге айтпай кімге айтам,

Бір деп білектеріңнен

Екі деп етектеріңнен

Ұстайды халық сенген соң.


Көз алдыңда мінекей,

Екі көзі жайдырап,

Торға түсіп халқын тұр.

Іші, бауырын дерт алып

Жан алқымға тақалып,

Тұлабойы салқын тұр.

Сендер бәрі тапқаны

Тауып мұңын айтқаны,

Күндердің күні болғанда

Көздерің сала жүргейсің.

Тар сонылар тап болса,

Кең не керек демеңіз.

Бақ дәреже тап болса,

Ел не керек демеңіз.

Халық деген қауымың,

Қаны бірге бауырың,

Бір туып, бір кететін

Жаны бірге денеңіз.

Жаны бірге деңенді,

Жүзің сүйген кебеңді*

Сүйенер күндер туғанда

Сүйеу беріп, демеңіз.

___________

*Кебе – қағба.