ЗАМАНАНЫҢ АДАМЫ

               I

Заман азған шағында

Түрлі де, түрлі күй болды,

Құлдан туған би болды.

Сансыздарға сан тиіп,

Салмақтанар күн болды.

Жиһан жүзін бұлт алып,

Мұнар басып түн болды.

Қиянға пікір жүргізген,

Асылдығын алты алашқа білгізген.

Қара қазан қамы үшін,

Тереңнен хиял ойлаған,

Еш бітірмей қоймаған

Қашағаншыл талай жүйріктің

Биліктері өз басына мін болды.

Аққа баға қоя алмай

Қараның жолы пұл болды.


Сөзден ою ойдырған,

Жылаған бала қойдырған,

Неше шешен, шайырлар

Ойдағысын айта алмай

Сөйлер сөзге мұң болды.

Асылсынған жігіттің

Сыр, сипаты ашылды.

Ашылғаны емес пе?

Соны да қадір, пұл көріп,

Болыстық үшін шашылды,

Мақсатымды етем деп,

Мұратыма жетем деп,

Биасылға бас ұрды.

Бас ұрғанмен не тапты?

Алақандай қағаз жолына

Дін-дүниесін сарп етіп,

Адамдығын қашырды.

Әй жігіттер, жігіттер,

Адамдық деген ақ жолды

Алға сала жүріңіз.


Адамға лайық асыл сөз

Құлаққа ала жүріңіз.

Мынау бес күн тірлікте

Бірлік ете көріңіз

Арқадан боран соққан күн,

Алыс жерден жау жетіп

Бір түбекке тыққан күн.

Алты бақан алалық,

Жүректерін қаралық,

Өзді-өзіңіз алысып,

Ырылдасып, қабысып,

Әлсірейтін мінезден

Аулақ жүре көріңіз.

Қазақтықта бір сөз бар:

«Алтау ала болғанда

Ауыздан жемін кетірер.

Төртеу түгел болғанда,

Төбеден жерге келтірер».

Атаның айтқан бұл сөзі

Аңдай жүре көріңіз


                 II

Замана азған шағында

Мұндай да мұндай хал болды,

Ел ағасы паң болды.

Адалдық, ақтық білмейді,

Ары, діні мал болды.

Елге намыс келтірді

Ерді шығып өлтірді.

Алым, пара аңы үшін

Жетім, жесір жылатты.

Аз ғана күндік бақ үшін

Халқын сатты, құл етті,

Жәбір, жапа мол етті,

Жамандықты жол етті

Өзімнен атқа мінді деп,

Бауырым басшы болды деп,

Сене-сене ел кетті,

Түбінде түпке сол жетті.


Жеткен емей немене:

Мынау қазақ деген жұрт

Кең далаға жайылып

Аңғырт өскен ел едік,

Кезінде елмен тең едік.

Күні бүгін болғанда

Ол қоныстан айрылып

Қанатымыз қайрылып

Қажып тұрған ел едік.

Алай да болса, «үмітсіз

Шайтан болсын» дегендей

Атқа мінген бала бар,

Ел бастаған аға бар.

Мұның да бір оңарын,

Оңар жағы боларын

Табар ма екен деп едік.


Дегеніміз не болды?

Сенген аға, ініміз

Айымыз да, күніміз

Арып тұрған халқының

Жайын қайғы етпеді.

Білік, жігер, талабы,

Өз басынан артылып

Елге тиіп жетпеді.

«Жығылғанға жұдырық» -

Оңбай тұрған еліне

Үстінен шоқпар кетпеді.

Кетпегені бұл болды

Адасып тұрған өз жұртын

Бастамады оңына,

Салмады тура жолына.

Заманның бұ бір кезінде

Өнер, ғылым құралы

Тиіс-ақ еді емес пе

Қара қазақ ұлына?!


Тиісті өнер, құралдан

Сындай болып қазақ жүр.

Өз қызығы өзімен

Басшылар жайға қарап жүр.

Жай қарап та жүрген жоқ,

Оны азсынсаң мынау деп,

Жараулы жерін жұлып жеп,

Өз бауырын талап жүр.

Өздерінің ойынша

Осы жүрген жүрісін

Дәрежеге санап жүр,

Әлде неге балап жүр.

Құзғын жеген қояндай

Қатырып, соғып алуға

Алдын, артын қоршалап,

Дұшпан жарға қамап жүр.


Соққы тиіп әр жерден

Бас жарылып, қол сынып,

Бір жығылып, бір тұрып,

Үсті басы қанап жүр.

Қазақтан адам болғандар

Бақ, діреже қонғандар

Қысылшаң жер кез келсе

Бір қайрылар дегендер,

Езбей малта жегендер,

Қарғылы қара төбеше

Қоянды шалып, жанап жүр.

Жүректері айнымай

Аққан қанын жалап жүр.


               III

Заманымыз шағында

Надандықтан балалап,

Сөлерген бір жол туды.

Жатып-іш, жалқау адамға

Дым-ақ лайық қол туды.

Осы жолға кіргендер

Сүлелеу болып жүргендер,

Артынғаны тас болды.

Ғылымның төте жолымен

Өлердей араз, қас болды.

Өлшеулі, тиіс ас ішпей,

Саулыққа зарар ұйқыны

Жөніменен ұйықтамай

Ақындары мас болды.

Хиялға алданып,

Сағымды қуып қарманып,

Көлеңкеге жете алмай,

Тура жолдан адасты.

Әліпті тартқан таяқ деп,

Нұнды шұңқыр аяқ деп,

Білмесе де айыра –

Мен білем деп таласты.


Дегенін қылсаң олардың

Оқу, өнер, оны қой

Әрекет, ғамал мұны қой,

Жалтыратып ерінді

Тірідей киіп кебінді,

Қараңғы көрге кір де отыр,

Көзіңді тас қып жұм да отыр.

Бұлай болсаң ұжымақта

Жасанып қорлар әзір тұр.

Әзірлеп қойған орынға

Көзіңді жұм да бар да кір!

Бұл не деген масқара?

Хордың асылы нұр ма екен?

Хор қызы нұрдан жаралып,

Тентектер үшін тұр ма екен?

Шатасып жүрген түстерін

Керемет деп жүр ме екен?

Шарғының* ашық хақ жолын

Көрмей асып кетуі

Тарихта жөн бе екен?

____________

*Шарғы - шариғат


Заманның түрлі жайынан,

Халықтың әрбір халінен,

Хабарсыз тұру шарт па екен?

Жұрт білгенді, біз біліп,

Жұрпен қатар күн көру

Сүле жолға жат па екен.

Я болмаса бұлары

Пайғамбардан соң шыққан

Бір бадғат зат па екен?

Тауарихты қарасаң,

Көріне рас дұрысы,

Ашылар жолдың бұрысы.

Саф ғылымның шырайы

Көңіліне құйылса,

Шипа тауып жазылар,

Тұла бойың құрысы

Жүрегіңнің тырысы.


                  IV

Ел адасып азған соң,

Бағытынан тозған соң,

Ес аударған сиқыршы

Ала қағаз бұл шықты.

«Қой» деп айтсаң тыңдамас,

Одан жаман өшікті.

Артына түсіп қалмастай,

Арымастай, талмастай

Қызық тағы су шықты.

Заманымыз азарда

Жұрт жиылған базарда

Басшы болған адамдар

«Былай бол» деп халқына

Кеңес айтар түрі жоқ.

Ойлайтұғын бұл елдің

Мұқтажы жоқ, мұңы жоқ.

Ұйыққан итше топырлап,

Ойыншылар жиналып

Сартылдасып отырса,

Бәрі бітті, көңлі тоқ.


Әй ағалар, інілер,

Ағалық жолда жүріндер

Ойын ойнап зауық* етер

Күйде емес бұл халық

Мұны жақсы біліңдер.

Оңған елдің адамы,

Халқының жайын қайғы етер.

Бізге біткен адамдар

Бұларын босқа зайық* етер.

Басқа елдің ағасы

Артына ерген жұрт үшін

Көңіліне терең ой түсер.

Бізге біткен ағалар

Балаларға бас болып,

Ойын ойнап, ішкі ішер.

________________

*Зауық, зайық – ойын-сауық, көңіл күй көтеру.


Басқа елдің ерлері

Қарындасы жолында

Шыбын бір жанын аямас.

Бізге біткен иранлар*

Қаны бірге бауырын

Бір шыбынға санамас.

Тайғақ кешу тар жерде

Қайрылуға жарамас,

Мойнын бұра қарамас.

Оңған елдің адамы

Үгіт айтар, сөз жаяр

Үлгі берер халыққа.

Бізге біткен адамдар

Сөз жүргізер астыртын

Шағым берер ұлыққа.

Бірлі-жарым ер шықса,

Елдің қамын жер шықса,

Жықпақ мұрат құдыққа.

Алаштың ұлы азамат,

Бер төресін өздерің

Бұ да жақсы қылықпа?

Бұғандағы риза боп

Сансыз көңіл, толық па.

________________

*Иранлар – жарандар.


                   V

Жасаған жалғыз жан ие-ай,

Өзіңе мәлім бұл заман

Арып тұрған кезіміз,

Талып тұрған көзіміз.

Жігерлі жүйрік құлдарың

Ілгері озып кеткенде

Болдырған бос көбеңше

Қалып тұрған кезіміз.

Ойдағыға жете алмай

Ешбір амал ете алмай

Екі көзден жас парлап

Талып тұрған кезіміз.

Бізге дағы күн туып,

Жігерленіп бел буып,

Ашылар ма екен көзіміз?

Тыңдалар ма екен сөзіміз?

Бізге дүние бұл өтті,

Қалай да олай ол кетті.

Жарық көрсе игі еді,

Кейінгі бағлан қозымыз.

Жойылмаса игі еді

Арттағы қалған өзіміз.


Құдіреті күшті құдайым,

Мен жылаймын, сұраймын.

Құлдарыңа бұл ғаріп

Бақ дәулетін нәсіп ет.

Ғазезілдей залымды,

Қатыстырма, қашық ет.

Су басынан тұнады,

Өрт алдынан сөнеді,

Басшылардың жүрегін

Адалдыққа асық ет.

Жақсылардың ақ жолын

Шаң бастарма, ашық ет.

Жамандардың қаруын

Өтпес, тіпті жасық ет.

Бәрінен де тілеймін:

Ғылымның жүзін бері қыл.

Надандықтың сұр түсін

Жақындатпа әрі қыл.


Жетер енді надандық

Біраз мінді мойынға.

Тышқандай түртіп халықты

Мықтылар тойды ойынға.

Ұйқыда жаттық бас алмай,

Манаурап көзді аша алмай.

Үске келген бәледен,

Жығылдық тұрып қаша алмай.

Сол ұйқының кесірі

Әлі күнге мұң болдық

Хал-жайымыз сөйлерге

Қамығып, көзден жас алмай,


                VI

Ұйқы қанды тұралық,

Тұрып кеңес құралық.

Осынау бір кездерде

Күліп тұрған ел де бар,

Біліп тұрған ел де бар,

Қайсысында бұл халық.

Жыламаған балаға

Емшек бермес анасы

Керегіміз сұралық.

Біздің үшін ешкім де

Алып келіп «мә» демес,

Тірлік етіп қаралық.

Бір ауыздан сөз шығып,

Бір жеңнен де қол шығып

Тұрған елдің саналып,

Жүмләсінен* шығалық.

Тіршілік керек, жігіттер,

Түспей тұрып мойынға

Қылдан еспе бұғалық.

___________

*Жұмлә - бұ жерде бірлігінен, алқасынан.


Мойынға түссе қыл арқан

Пайда бермес сол күнде

Қырық рет шықсаң дұғалық.

Дұғалығы бұл жолдың

Ғылым болса керек-ті,

Ғылым хасіл етерге

Жігер, жиһат* қылалық.

____________

*Жиһат – ыждағат.