ТУМЫШ

Ойладым бір әңгіме бастайын деп,

Бойбалап бастар жерден қашпайын деп,

Халықта болып тұрған жайды сөйлеп,

Шежіре шешендейін қақсайын деп.

Қысылып, қадір сақтап көзге айта алмай,

Тұтықпа жамандарша саспайын деп.

Алайда әуезімді артық созып,

Әдепсіз тарқақ  жандай таспайын деп.

Әр сөзді өз жолымен айта келіп,

Ақырын бұра беріп тастайын деп.

Жоласыз жолсыз жерге сөз шығарып,

Мүлкімді қу далаға шашпайын деп.

 

Ғ. МҰШТАҚ


                                     I

Айта бар барсаң сәлем ағаларға,

Ақылы кәміл жетік даналарға.

Біз бір жүн, олар жібек күлтеленген.

Жанасу жөн болмайды барабарға.

Ағаға ақыл айтып жол көрсету

Кейінгі емес лайық балаларға.

Алайда сөз ашылып орны келсе,

Жөн айтпай сақтанатын шара бар ма?!

Бастағы өз міндеттін өтеп тұрған,

Әйтпесе бұ күнде де аға бар ма?!

Сұңқардай шалықтаған ой жүгіртіп,

Халқының жай-жапсарын шамалар ма?!

Қадалған жер бетінде ықтырмадай,

Ығына келіп жұрты паналар ма?!

Қосаттап күн-түн қатып іздесе де,

Біздің ел мұндай аға таба алар ма?!

Айрылып пана болған ағалардан

Күн қалған тұқым бұзар таналарға.

Қор болып ер қазақтан күн кеткен соң,

Тілі бар дұспандардың табаларға.


                       II

Тілі бар дұспандардың табалаған,

Кегі бар жүрегінде тарамаған.

Адамы бұ күнгінің атқа мінген

Халық жайын көз жүгіріп қарамаған.

Қайғы етіп жатса-тұрса кесер басын,

Есепке елі-жұртын санамаған.

Күні-түн ойын ойнап, ішкі ішеді,

Бар мұндай әдеттері жарамаған.

Қамы жоқ со қазақтың артын ұғар,

Кіре алмай сыртта тұрар көп аламан*.

Кіргізбей кеудесінен итер жерге,

Алдында иттері бар абалаған.

«Кіремін қызметім бар» деген жанды

Жерінен жер қалдырмас таламаған.

Бәрі мас со жиында бір сау жан жоқ

Маржаның сұйығынан жаламаған.

Ағалар бұған неден болдың жерік,

Арамға үйір емес пе арам адам?!

«Қой тағы! қой» дегенде осы ма еді

Айтасын деп отырғаным бағанадан.

____________

*Аламан – нөкер


                         III

Ағалар «қой» дегенді тыңдағаның.

Бек жақсы мұндай істі қылмағаның.

Алғыс ал, әділдік ет аз ғана күн

Білесің мәңгі бұлай тұрмағанын.

Қойыңдар әдет етіп неге керек

Бұрынғы жақсылардың қылмағанын.

Талайлар бұрын-соңды келіп көшкен

Олардың естіп едік бұл амалын.

Білеміз бұ күнде де етіпті айып,

Ешкімнің алдында бұ тұрмағанын.

Һәр заман  басшы болған адамы бар,

Бастығы сіздерсіңіз бұл заманның.

Қара халық басшыларға ере қалған

Қалмаңыз обалына аламанның,

Мейліңіз отқа таста, суға таста,

Ереді артыңыздан көп жаманың.

Айт тауып себебіңді, әркім де айтсын,

Жөн болса істегені жақсы ағаның.

Әйтпесе неге керек сен де таста,

Тимесін халқымызға һеш залалың. 


                              IV

Мұнан соң деңіз сәлем молдаларға

Құдай деп жолды күткен жорғаларға.

Молдалар туазғылы болған жақсы

Көңілді емес лайық зор баларға.

Ақырауи, ұқырауи деп бос қалмаңыз,

Дүнияуи о да керек қолданарға.

Хұқымын шариғаттын тегіс жүргіз,

Байлар деп дұрыс емес қорғаларға.

Шариғат үкімі тегіс бай, жарлыға.

Бұрмалап көне бермес жөн қарарға.

Түбінде әділ қазы қор болмайды

Бек әжет осы жерде ойға аларға.

Қанша оқып, молда болып шықсандарда,

Бағытты керек әуел оңғарарға.

Теріс бағыт, тентек молда болып шықсаң,

Дөп тұрсын мақсұтыңнан қорғаларға.

Біз бір халық оқу жағы ретсіз тұрған

Бұ жерлер сізге міндет ойланарға.

Ет пайда, халқыңды ойла, керек емес

Бұл жолға жалқауланып бой баларға.


                         V

Дәріс айт, шәкірт жина, ғылымыңды шаш,

Қыл пида ғылым үшін мал менен бас,

Һәр заман біліктінің жолдысы артық

Оқу біл, ғылым-өнер көзіңді аш.

Дұрыс бер, дәріс берсең теріс берме,

Адаспай тура жолдан аяғың бас.

Үйреткен надан, тентек сопыларың

Жатпасын тез қасында қисық ағаш.

Шын сопы ғылым иесі – о бір гауһар,

Мысалы надан сопы – бір қара тас.

Халық соры осы күні кесірлі су

Надан шеих, тентек сопы – екі жолдас.

Надан шеих діңнің соры, күннің соры

Бір қашпа надан шейхтан, мың кері қаш.

Құран – шам, ақыл – басшы, ғылым – құрал,

Құралсыз шекпе сапар жолың болмас.

Айрылма жатсаң-тұрсаң құранды ұста,

Жол бастар қараңғыда ол бір компас*.

Бұл үшін – бір атадан, бір анадан

Қарайлас біреуіне бірі жалғас.

 __________

* Құбылнама


                                    VI

Бұл үшін бір атадан, бір анадан

Қор болмас алған тәлім замандан.

Көкте ұшқан, суда кезген бір заманда

Тәлімсіз біздің қазақ қалды надан.

Оқу жоқ, өнер де жоқ надан қазақ

Болады бұ кейіппен қайтіп адам?!

Өнерлі олар білгір, қазақ надан,

Қанатты олар жүйрік, қазақ шабан

Оқытып ұлы, қызын жігер тұтып,

Ұмтылып қарасайшы алға таман.

Сен – надан, олар – білгір қатар тұрып,

Қалмайды малың түгіл басың аман.

Қашаннан бола келген алымды жұрт

Жұбатады алымсызды һәрбір заман.

Қазақтың бұрын өткен бақ, дәулеті

Білімсіз неден кетті басымыздан?

Аспаннан от түскен жоқ, жер жұтқан жоқ,

Алымды елдер жұтты қасымыздан.

Кім надан, керең татар, керең қазақ,

Артынан білген жандар басып озған.


                     VII

Үшінші, айта барың күштілірге,

Азулы арыстандай тістілерге.

Көп үйір болушыны тәңірі сүймес,

Күші жоқ әлсіздердің малын жерге.

Жеп хақын жетімдердің, жесірлердің,

«Көңілім енді өзіңе түсті» дерге.

Дүниені қандай талқан етседағы,

Бір күні кірмей қалмас күшті жерге.

Таразы тәңір алдында құрылған күн,

Бір жауап берер сонда күштілер де.

Қарсы алар алдың тосып тарғыл шұбар

Жыландар һәрбір түрлі түстілер де.

Ақдиуан сен залымды бұрылдырмас

Есіме енді бүгін түсті дерге.

Тамұқта залымдарға жер табылар

Түсірсін толмас, тоймас іштілерге.

Мәз болма мақтағанға күшім көп деп,

Алдыңда тізгіні жоқ нәпсіге ерме.

Мал, күшің, елі-жұртың – бәрі қалып,

Кірерсің боз көйлекпен қара жерге.


                       VIII

Боз көйлек жеңсіз киім киінерсің,

Бір тұтам бас-аяғың түйінерсің.

Азуы жалын, шиян жанға, батса,

Со күнде бұл ісіңе күйінерсің.

Қабырғаң лақат қысып берсе ғазап,

Ышқынып қабағыңды түйілерсің.

Барғанда тәңірі алдында бар ғамалың

Құтылсаң беріп соған сүйінерсің,

Тыңдамай мұны залым жетімдерге

Бүркіттей тағы бір күн шүйілерсің,

Тыңдасаң әсер беріп көңіліне,

Халсізге шабхат тұтып иілерсің.

Жасаған бар ғаламды жалғыз ием

Көңіліне тәубет, тауфих өзі берсін.

Әйтпесе, пендесінің халі мүшкіл,

Нәпсіге болып қожа қалай жүрсің?

Көңліне рахым салып күштілердің,

Тілегін жетімдердің тәңір берсін.

Қайтсеңде құдіретің бар жалғыз ием,

Жаратқан жұмыла жанды бір өзіңсің,


                          IX

Төртінші сөз кезегі құрбыларға,

Ақ неке көрген қызды, ұлдыларға.

Жарымен жақсы тату ғұмыр сүріп,

Басында бар дәулеті бұлдыларға.

Жас толып, бедел толық, көңілі шат

Бітімі хан ұлындай сындыларға.

Алдыңа ала қағаз жайып салып,

Бас болма, жас көңілді соңғыларға,

Бас болып жас жандарға үлгі беріп,

Себепші болма оларды қор қыларға.

Бас болсаң, баста оларды жақсылыққа

Жаманға басшы болу жол болар ма?!

Бастасаң жас жандарды оңға баста,

Жамандық істегенің оң болар ма?!

Сақалды бала болып ойын ойнау

Өзіңе осы лайық қол болар ма?!

Жаныңа ойыншы ертіп, арам жинап,

Дәулетің артып сомен мол болар ма?!

«Атаның балаларынан бақыт тайып,

«Битқотыр болар деген қор боларда».


                          Х

«Битқотыр» болар деген азарында,

Атаның балалары тозарында.

Айырылып қадірінен бұлы кетіп,

Ақыры тартар деген азабын да.

Әй, сен де жақсы атаның баласы едің,

Қалдың ғой һәр кімдердің мазағында.

Битқотыр болу деген осы емес пе,

Шайтанның болдың тұтқын тозағында.

Сен бұлай қор болғанша жер болсаңшы,

Не қайыр ғұмырыңның ұзағында.

Бұл ойын жаңа шықты, жаман шықты,

Болған жоқ бұрын мұндай қазағымда.

Сонда да қазақ ұлы кем болған жоқ,

Халық түгіл патшаның назарында.

Бұ күнде аузыңменен құс тістейсің,

Адамдық сан тимейді базарында.

Келіссіз жаман іске болар жолдас,

Аллаға адам ұлы жазарында.

Қор болма таста мұндай жаман істі,

Құдайға ет құлшылық, тазарыл да.


                         ХI

Бесінші, кесін кезек жас жандарға,

Ақылы жастықпенен мас жандарға.

Жасынан жаман әдет тауып алып,

Әдептің сызығынан асқандарға.

Адасқан әркімдердің жолын қуып,

Жолынан жақсылықтың қашқандарға.

Әй, сіздер, адаспаңыз жас балалар,

Жақсылықты, жамандықты тастаңдар да.

Әдепке осы күннен мойын қойып,

Адамдық жақсылықты бастаңдар да.

Жасыңда жақсылыққа үйренбесең,

Түзелу қиын жасы асқандарға.

Сіңеді сүйегіне жастағы әдет,

Аяғын өнбес асып басқандарға.

Қалмайды бір бойыңа сіңіп алса,

Қаншама бұл әдеттен қашсандар да.

Құдайым жаста берер берген жанға,

Ұстатпас жас өткен соң атсаңдар да.

Құйрығы қолдарыңа ілінбейді,

Ұстарға айла құрып бақсаңдарда.


                          XII

Оқымыс, өнерлі зор білікті елде

Тізілген жас балалар пелде-пелде.

Мектепте ғылым оқыр бәрі бірден

Жүрмейді һешбіреуі жаман жерде.

Шәй ішіп, ерте тұрып киінісіп,

Жөн тартар тізілісіп мектептерге.

Қолында кітап салған шамаданы

Тік жүрер тартқан сымдай барар жерге.

Жол берер, етер тәжім әдеппенен,

Кез болып қарсысына келгендерге.

Көрмедім мұндай әдеп бір құдайға,

Біздің ел жақсы түгіл үлкендер де.

Жанынан өткендерге тас жіберер,

Әдепсіз балалары біздің елде.

Жөн жүрген, әдеп білген сынды бала

Іздесең табылар ма бізде емге.

Үсті кір, жалаң аяқ, бала тарқақ

Табуға оны болады әрбір жерде.

Әй бала, тында мұны үйрен әдеп,

Өскен соң бармағынды тістеп жүрме.


                           XIII

Сөйлейін бала жайын артығырақ,

Тындаушым, жалықпасаң салшы құлақ!

Қадірсіз біздің елде бір бала жоқ,

Шетінен «айналайын», бәрі «шырақ».

Әр жерде шөпілдесіп сүйер бала,

Жас келін бәрімізден басымырақ.

Білмеймін жас басынан неге мұнша,

Балаға басқалардан асығырақ.

Ұятты онсыз келін болсадағы

Келгенде осы араға ашығырақ.

Қай кісі жек көреді балашығын

Жүре тұр, жас жандарым, қашығырақ.

Ер жетер, бала тентек болар, кетер,

Со күнде «қарақ», «шырақ» қалар жырақ.

«Тәңірден бала сұрадым, әке берді»

Дегенді талай шалды біздің құлақ.

Баланы жаста үйрету – жақсы үйрету,

Әркімнің өз басына міндет, шырақ.

Өзіңе міндет істі ада қылмай,

Тәңірді жазғыруың жолсызырақ.


                           XIV

Жазғаны тәңірі саған бергені ме?

Жасынан үйретер деп сенгені ме?

Ол берді, тентектікке сен үйреттің,

Тәңірі жазығы жоқ бергенінде.

Қия алмай көз жасыңды берседағы

Өкініп жүрген шығар бергеніне.

Қуансаң сен қуандың жас иіске

Тәңірінің бұл арада көргені не?

Жазғырма жазықсызды, балаңды бақ,

Жаста үйрет жақсылықтың өрнегіне.

Бейбастық, бейбіт өсіп әлін білмей,

Есіктен сөз қатпасын төрдегіге.

Сөктірер жаман бала ұлы атасын,

Тигізіп кесіретін көрдегіге.

Жасынан адам етсең беріп тәлім

Жетісер қолың созған өрдегіге.

Баланы жақсы үйретсең жастығында

Алланың еттің шүкір бергеніне.

Құдайым әр уақытта болар разы

Бендеден мұндай ғамал көргеніне.


                             XV

Алтыншы, әйелдерге рет келсін,

Қыз балалар шешесіне рет берсін.

Атадан бала соң-ды, анадан қыз,

Бұлайша сөз фасылы* реттелсін.

Ажары, тазалығы, құлық әдебі,

Әйелдер бұл үш затты әдеттенсін.

Қолданып бұл үш затты әйел адам,

Әуелі өз бастары әдептенсін.

Қыз бала анасынан үлгі алады,

Екінші қыздарына әдеп берсін.

Әйелдің көркі – ұят, зейнеті – құлық,

Қыз бала ұяттыдан үлгі көсін.

Ұятсыз бейхаяны** көріп өскен

Балалар неғып түзу жөнді болсын?!

Ұл өсер ата көріп, ананы қыз,

Бұ сөзді әйел адам жақсы білсін.

Ерінің жүзін  жыртып қарсыласса,

Бүйткенше ол бишара көрге кірсін.

Иттейін ырылдасып ғұмыр сүріп,

Не қайыр табатыны құдай білсін?

_________________

 * Сөз фасылы – сөз жүйесі.

 ** Бейхая – ұятсыз, бейбастық мағынасында.


                        XVI 

Кейбір жан санға әйелді есептемес,

Хақы бар нендей үлкен оны білмес.

Атына ашуланса қатын соғар,

Бейне бір оны күңнен артық көрмес.

Жұмсайды отқа, суға, күл, көмірге,

Үстіне оңды киім алып бермес.

«Киім әпер, үстім тозды» деп айтарға,

Қорқады оның соңы бір төбелес.

Бұлайша әйел алып ғұмыр сүру

Аюандық, адамиға лайық емес.

Білмеген қолындағы гауһар қадірін

О дағы бір аюан жөнге жүрмес.

Ері – қанат, әйел – құйрық, бірігісіп,

Күнелту жөн дегенім бұл бір кеңес.

Күнелту жөн болған соң бірігісіп,

Қалайша лайық болар күнде егес?!

Күнелтсе екі зайып фақрана

Сын тағып һешкім оны жөнсіз демес.


                           XVII

Бұ күнде бар халықтар өнер білген,

Өнердің арқасында өрге жүзген.

Ол елдің әйелі де надан емес,

Һәр заттың оқуменен жөнін көрген.

Білуге өнері артық болғаннан соң,

Дүнияда рахатлықпен ғұмыр сүрген.

Темір жол, пароходтар конторында,

Қолынан не ғажап істер келген.

Қызметін кәміл ада еткеннен соң,

Қазына жүзден-мыңнан ақша берген.

«Оқыту қыз баланы сиымсыз» деп,

Ер болсын, әйел болсын, білім білсін,

Жолды не бұ заманда олар білген.

Қай елдің ұлы-қызы болса надан,

Сол елдің ырысы қайтып, бағы сөнген.

Надандық қайыры жоқ о бір кесір,

Һеш халық оңа алмайды оған ерген.

Бұ сөзге мойын қояр, бойын ұсынар

Ақтарып тарихтың жүзін көрген.


                           XVIII

Жетінші, қыз балаға келді кезек,

Сөйлейік біразырақ тілді безеп,

Бұл жерге тоқталыссыз жеткеннен соң,

Ат басын болмас лайық енді тежеп.

Тер шыққан мен бір тұлпар тоқтамаспын,

Тап болып кідірмесем бір-бір өзек.

Бұ келіп бастағаным бір шетін жер,

Келіспес таппай айтсам сөзді түзеп.

Таба алсам адарлы етіп сөз сөйлейін,

Мысалдап һәрбір тұстан беріп безек.

Алайда кемдік санап ақыл айтып,

Сын тағу бұл балларға келмейді еп.

Айтайын һәрбір сөздің бұл арада

Ұшы тұр өзімізге тиерге дөп.

Айтпай ма олар: «Неге өздеріңіз,

Оқытпай бізді надан қалдырдың» деп,

Не тауып айтармыз біз сонда оған,

Тұрармыз тілсіз қатып үндемей тек.

Кісіге өз айыбын өзі білмей,

Тиюге со себепті келмейді кеп.


                                               XIX 

Тиюге кеп келмейді со себептен,

Ұрынар жазықсызға тентек неткен?

Өзіміз оқытпадық, үйретпедік,

Бұл жерде кім айыпты жөнсіз кеткен?

Әлбетте, біз айыпты, біз айыпты,

Оқытпай балаларға жәбір еткен.

Оқытсақ, біздің дағы ұл, қызымыз

Мақсатқа болар еді барып жеткен.

Алданып жоқ нәрсеге бос қалыппыз,

Біздерге керек еді бұл іс көптен.

Ел өсер, халық құралар ұл мен қыздан,

Оқытсаң үлес алар ғылымдықтан.

Оқытпай ұлың, қызың бос қалдырсаң,

Болуы халықтың надан сол себептен.

«Халық надан, халық надан» деп қайғырамыз

Оқытпай балаларды өтіріктен.

Бар ма екен көргендерің, қайсы халық

Оқусыз мақсаттарын хасыл* еткен.

Оқымай басқа халық табаласа,

Оқусыз біз табамыз қайсы ретпен?

_____________

* Хасыл ету – орындау, мақсатына жету.


                             XX

Әй, қазақ, оқы, таста ғапілдігін,

Бұл сөздер айтқан саған жақындығым.

Жақындық жолыменен айттым үгіт,

Айтпадым ішке симай ақындығым.

Жан ашып айтқан сөзді жақсы тыңда,

Жақынның білу тиіс жақындығын.

Бұл заман білік, өнер заманы-ды,

Бұрыңғы іске аспайды батырлығың.

Өнер тұт, босқа жүрме жалқауланып,

Тілін ал, берсе тәлім ақылдының.

Бос жүріп, құр әңгіме артына еріп,

Налытпа шаруа деген бақырлығың.

Налытсаң шаруаңды білек соғып,

Ақалға мұның, бақыр, тақырлығың.

«Сөз бақсаң – пәле таптың» деген қарттар,

Қара сен бұ бір сөздің мақұлдығын.

Сөз баққан, бәле тапқан сол емес пе,

Жақынның сөз кетірер татымдығын.

Сөз бітті, тәмамына келіп жетті,

Оқушы, өтінемін бақылдығын.

 

                                        тәмәм

                                                   1910 жыл Сарыатан.Ішкі орда