IV СЫРЫМ БАТЫР

Кешегі өткен заманда,

Кіші жүздің елінде,

Өзі батыр, өзі би

Сырым деген ер болған,

Халқының қамын жер болған.

Күндердің күні болғанда

Қарсы болып ханына

Патшадан келген жарлықпен

Ұсталатын күн болған.

Бұ себепті батырым

Хиуа деген қалаға

Орыстан қашып барыпты.

Дін мұсылман қарындас,

Елден кеткен бір мені

Панасына алар деп,

Қиялына алыпты.


Хиуаға барып кірген соң,

Халқының әрбір жайларын

Көзіменен көрген соң,

Келеніне өкініп

Бұ сөзді тілге алыпты:

«Бекер екен келуім,

Жеңіл ойға еруім,

Шошақ тұмсық етікті

Тар көңілді халықтан

Панасына алар деп

Үміт етіп жүруім».


Сеңсең тонның жүн жағын,

Киген екен батырым

Сырт жағына қаратып;

Со күйінше Хиуада

Мешітке де барыпты

Етек-жеңін шұбалтып.

Ақ сәлделі бір молла

Жекіріпті батырға

Тонның ішін сырт етіп

Кигеніне сын артып.

Сонда батыр айтады:

«Рафиғы Алла Ысмағұл

Аның үшін көк қошқар

Көктен жерге еніпті.

Ысмағұлды құрметтеп,

Тәңірім пида қылыпты.


Сенің сөзің жөн болса

Оның жүнін сыртына

Жалпылдатып өсіріп

Не себепті беріпті?»

Намаздан соң жамағат

Қол көтеріп баршасы

Дұға қылды бірі қалмай.

Батыр да қолын көтерді

Жеңінен қолын шығармай.

Жекірді тағы молла:

«Надан қазақ, сен өзің

Әлі күнге жүрмісің

Жалаңаш қолмен дұғаның

Тиістігін біле алмай?

Жә болмаса паңбысың

Шариғаттың бұйрығын

Біле тұра қыла алмай?»


Батыр сонда айтады:

«Рахматы кең құдайым

Ақ жүрекпен тілесем,

Кемдігімді жоқтар ма?!

Тас бинаннан бері өткен

Тәңірінің өткір рахматы

Тоқтышақтың өте алмай

Терісіне тоқтар ма?!

Көңілім тура Аллаға

О деп, бұ деп сен мені

Шатастырма жоқ, барға».

Тағы молла сөз таппай

Тоқтай қалды со жерде

Қызарақтап қысылып

Жақындады боқтарға.


Намаздан шыққан жамағат

Ханның барды үйіне.

Батыр да бірге барыпты

Мешіттен шыққан күйінде.

Хан үйіне кірерде

Кебістерін тастасып

Кіріп жатыр ретпен

Қазысы да, биі де.

Батыр кіріп келіпті

Етігін шешпей аяқтан

Мүфти, қазы отырған

Төрдегі зал үйіне.

«Аяғың лас, әй, қазақ,

Етігіңді таста!» деп

Қылыш асынған біреуі

Батырды жолдан ірмеді.

Кідіре беріп батыр да

Оған қарсы бүй деді:

«Дін ашылған жер десем

Боқ басылған жер ме еді?


Есіткендей-ақ екен алыстан

Бұ Хиуаның һеш жері

Көңіліме жағып үйлесіп

Ұнаулы болып келмеді».

Сөйлей келе отырды

Ашық бір тұрған орынға.

- Көп сөйлейсің қазақ, - деп

Хан жекірді Сырымға, -

Болмап па едің бұрында

Мұндай үлкен орында.

Сонда батыр сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді:

«Көп сөзді тыйсаң құран бар,

Әуелі бастан оны тый.

Таппай айтсам мені тый».


«Теңгеріп сөзін құранға

Діннен шықты кәпір» деп,

Шулап қоя берісті,

Хан қасында отырған

Өңшең надан, қазы би.

Пәтуа беріп қазылар

Дарға асуға Сырымды

Хан үйінен шығарып

Апарып салды қапасқа.

Былай надан болса да

Нақақ соттап адамды

Қапасына салуға

Шебер екен бек ұста.

Нәмәрттардан* өлгенше

Өз қолымнан кетем деп

Ақ у ішіп қайран ер

Жан тапсырды бұлайша

Хиуадағы қапаста.

_______

* Нәмәрт – уәдесіз, ез, жалтақ, екіжүзді.


Тап қылмағай құдайым,

Төресіне ондай наданның.

Көзі соқыр, көңіл тар

Ақылы қысқа жаманның.

Төресімен наданның

Қор болғанша ер жігіт

Кеткені жақсы дүниеден

Ар, намыстан айрылмай

Шаһиті болып заманның.