ЗАМАНА ЖАЙЫНАН

                 І

 Асқар, асқар, асқар тау

Асқар таудан жоғары

Асып едің, ер қазақ.

Жортуылдай жорытып,

Ор қояндай орытып,

Жер шетіне аяғың

Басып едің, ер қазақ.

Созарыңа қол жетіп,

Сөйлеріңе тіл жетіп,

Жеделдес дұспан елінің

Аруын сүйіп олжа етіп,

Кешегі өткен хандардың:

Әбілқайыр, Нұралы,

Бөкей менен хан Жәңгір

Солардың болған шағында

Кемеріңнен асып шалқып

Тасып едің, ер қазақ.


Со күнде қатар ел едің,

Қай халықтан кем едің?!

Шабыртты шүйген лашындай

Жеміңді алып жер едің,

Еңіреген ер едің.

Ерлерге серік сен едің,

Аспанда айға тең едің.

Аймен тең демей не дейін,

Дұспан қолы жетпеген,

Айтып сөзі өтпеген.

Дәулет құсы басыңнан

Қалықтап ұшып кетпеген

Тайың туып, тайлағың

Боталап, өсіп мал бітіп

Береке тапқан ел едің.

Ханың бар еді асылдан,

Жарлығы халыққа шашылған.


Әділдік айтып басқарып

Ел билеген жасынан.

Ақсақал билер бар еді,

Шиеленген шешіп түйінді

Атқарған істі басынан.

Бай-мырзалар бар еді.

Салтанат түзеп тұрмысын

Хан ұлынан асырған.

Батырларың бар еді.

Жауға қарсы барарға.

Арғымақ тұлпар бар еді,

Жібектей жалын тарарға

Шешен, шайыр бар еді

Жырлап бір айтқан hәр сөзін

Мың ділдаға баларға.


Желге шашын өрмеген,

Маңдайы күнге тимеген,

Жібектен өзге кимеген

Аруларың бар еді

Ал шымылдық ішінде

Зерлі орындық үстінде,

Жанға рахат табарға.

Ғалымдар талай бар еді,

Ақ каламды оқыған.

Алланың берген өнерін

Көңілге берік тоқыған.

Үлгі алған халық оның

Әдепті келген қылығынан.

Тәлім алған олардан

Көп соқталар* бар еді,

Білім нұры балқыған

Тасқын судай шалқыған.

________

* Соқталар – өрендер мағынасында.


Низамға жетік, хатқа ұста

Оқып көрпіс бітірген,

Сыннан өтіп жетілген.

Жігіттер талай бар еді

Дұспанға қарсы бекінген,

Еңіреген ерлер бар еді

Елдің қамын ойлаған,

Ілгергіні болжаған.

Өнер-білім үйреніп,

Халықтың көзін ашарға.

Күн ілгері қолдаған,

Оң бағытқа жолдаған.

Бұ күнгідей қой тентек

«Оқысаң орыс болдың» деп,

«Оқымасаң оңдың» деп,

 Сөзіне жұрттың шығарға,

 Надандар қалай болмаған.


Тілін алып білгеннің

Ере берген соңына.

Білген басшы адамдар

Бастаған көшін оңына.

Оң дегенім – өнер-ді

Тиіс мұны білерге

Қара қазақ ұлына.

Түлкі болса заманың

Тазы бол деген дұрыс-ты.

Өкініп жүрме соңынан

Түсінбей сөздің бұлына.

Көз жіберіп қарасам,

Бұ күндегі адамдар

Келмейді-ақ сірә сыныма.

Заманаға көз салмас,

Жаман жерден еш қалмас,

Шамданады қой десең,

Тигендей-ақ жынына.


Ащы су болды жұтқаны,

Ала қағаз тұтқаны.

Үгіт етіп сөз айтсаң,

Ыржаңдап жауап қайырмас,

Пайда мен зиян айырмас,

Түсінбейсің сұмырайдың

Ойыны ма, шыны ма?

Замана азар шағында

Халқына ханы қарамас

Қатын болар баққаны.

Ел пайдасын би айтпас

Тамағы болар тапқаны.

Бітімшілік білмес әкімі

Әктілеп жазып жатқаны.

Аманаттың аты жоқ

Біреуді біреу сатқаны.

Құрулы жүрер жанында

Алыс емес қақпаны.

Көзің тайса бір елі

Жыланнан зәрлі шаққаны.


Көңілі қатты тастан да

Сырты жұмсақ мақта-ды.

Жібітпейді жүрегін

Жетімнің жасы аққаны,

Ыңыранып жерде жатқаны.

Әдеп еркін hеш білмес

Жасы түгіл, қарттары,

Жақсылық айтса тындамас,

Сирек бір шыққан мәрттары.

Тәлімсіз өскен боз бала

Өнері шылым тартқаны.

Аталы сөзді білмейді,

Алалай* келер айтқаны.

Мұның бәрі ойласаң

Бағың қазақ қайтқаны.

_____________

* Алалай – әләулай, ән салып бос жүру мағынасында.


Қайтқаны емей немене,

Түрлі сұмдық болып тұр.

Ізгіліктің шырағы

Жарық бір жанбай сөніп тұр.

Қара қазақ баласы

Қысымға талай көніп тұр.

«Білмейді надан халық» деп

Жалалы жерден болып тұр.

Қойшылар тұрып көкжалдан

Ахмет* айтқан келіп тұр.

Наданнан басшы көбейіп

Теріс тәлім беріп тұр.

Қазақ бағұс не білсін

Имандай соған еріп тұр.

Бәрінен де мен қорқам

Надандық бізде берік тұр.

_____________    

* Ахмет Байтұрсынов.  


Надандық кетпей оқу жоқ,

Мұрат ғасыл болу жоқ,

Аяқ салмай не қылсын

Дұспан мұны біліп тұр.

Тырп ететін амал жоқ,

Қарсы тұрар табан жоқ.

Ойлап тұрсам бұ күнде

Біздің халықтан жаман жоқ.

Іске аспайтын надан көп,

Өнерлі, білгір адам жоқ.

Жолалы* жерден бос қалдың,

Ұмтыла жүрмей кеш қалдың.

Өзіңнен, қазақ өзің көр

Кісіден көрер шамаң жоқ.

 __________ 

* Жолалы – жолды, орынды, тиесілі. 


Пайда мен зиян білмейсін,

Оңар жерде жүрмейсін.

Мектепке беріп балларың

Жасына тәлім бермейсін.

Бұ себепті, қазағым,

Өзгелердей көрерге

Басқа жұртпен бір дайын

Право тегіс берерге,

Өзгелердей көрерге

Төрден орын берерге,

Лайықты боп келмейсін.

Құрметке лайық ел болсаң,

Төрден орын аларсың.

hәр мұратың табарсын.

Көлденең келген жаманды

Омыраумен қағарсын.


Құрметтер жерің болмаса

Босағада қаларсың.

Көзінді сүзіп қарарсын,

Реті қашан келер деп

Күте-күте таларсын,

Күйенерсін, жанарсын,

Теңгермейді бізді деп,

Әділдіктен безді деп,

Қарғап, қақсан қаларсын.

Өз басыңа көз салмай,

Кісіге жала жабарсың.

Үйің де жоқ кемдігің

Кем тұтты деп санарсын.

Үйрен, қазақ өнер біл,

Жұртпен қатар дәуір сүр.


Оқымыс жетік ел болсаң,

Білгендермен тең болсаң,

Жолалы hәм бір орында

Кем тұтпасқа қолың бер.

Жалқаулықтан жырақ қаш,

Сергегірек аяқ бас.

Шалқаңнан жатып бақ күтпей,

Себепсіз нәрсе үміт етпей,

Болып тұрған дүниеде

Ғибыратты hәр бір нәрседен

Үлгі-өрнек аларға,

Тура жолмен барарға,

Жігер тұтып сен-дағы

Байқұс қазақ, көзіңді аш.

 

Көзіңді ашсаң көрерсін,

Пікір айтсаң білерсін.

Қарап жатып бақ тапқан,

Қиналмай алтын тақ тапқан.


Дүниеде ешкім жоқтығын

Түсініп біліп алған соң,

Анығына қанған соң,

Ұйқыңды ашып оянып,

Айқын тура жолменен

Ұмтыла сен де желерсін.

Ұмтыла жүрсең со жолмен

Қонысқа ерте келерсін.

Басқалардан кеш қалмай

Келіп жетіп енерсін.

Жолында көрген бейнеттің

Рақатын сонда емерсін.

Қастық еткен дұспанның

Жазасын еппен берерсің.


Дәулет құсы басыңа

Шырлап ұшып қонғанын,

Ұлы-қызың ұрпағың

Көзі ашылып оңғанын,

Күннің көзі ашылып,

Бейбітшілік шашылып,

Жайма шуақ болғанын

Көзіңменен көрерсін.

«Ұмтыл, біл!» деп қақсаған,

Оң бағытқа бастаған,

Жыраудың достық сөздері

Орынына келгенін,

Дұрыс үгіт бергенін,

Сонда ұғып білерсін.

Сүйінерсің, күлерсін

Алғыс бата берерсін.


«Жарық болсын жырауым,

Жатқан мәңгі жайың» деп

Күндіз-түні тілерсін,

Тірі болсаң тілерсің,

Дұға айта жүрерсің,

Өлі болсаң жеберсін,

Көріңде көрген ләзаттан,

Балдан тәтті шәрбәттан,

Шарап ішіп, хор құшып

Бақида көрген ғизаттан

Жақын жатқан жанаса

Жыршыңа да бөлерсін.

Егер көзің ашпасаң

Аяғың қозғап баспасаң,

Жүректен шыққан шын сөзді

Құлағына аспасаң,

Күн ілгері, қазағым,

Амандас еркін қонысқа.


Желге, күнге тигізбей

Асылдан басқа кигізбей,

Әлпештеген аруың

Тәжім тұтып иіліп,

Қызмет ете тұрарын

Шарасыз халге ұшырап,

Бұйрығына бой ұсынарын,

Іштен тынып жыларын

Анық біл, қазақ, анық біл.

Көршілес халқың орысқа

Тында, қазақ, сөзімді

Есірке ұл мен қызыңды.

Жалшылықта шірітіп

Талатпа бағылан қозынды.

Білім, өнер қаруын

Құралданып бойыңа

Жігер-жаhат қылышын

Ғиратпен ұстап қолыңа

Әзірлен, қазақ әзірлен,

«Тіршілік» деген соғысқа.  


                           II 

Аспанды бұлт құрсайды

Құрсағанын байқасам,

Күн жауарға ұқсайды.

Ғаламға барша нұр берген

Аспандағы жарық жалғыз күн.

Нұры күңгірт тартады

Оны да байқай қарасаң,

Қараңғылық қаптап сәулесін

Тұтылғанға ұсайды.

Кеше де туып қалқыған

Нұрың шашып жаhанға

Көк жүзінде балқыған

Секпіл бетті сұлу ай

О да жарық болмайды.

Болмағанын байқасам,

Ерлерді жұтқан қара жер

Ай бетіне шағылған

Күннің нұрын перделеп

Жол тосқанға ұсайды.


Таза арғымақ сайлаған,

Найзаға жалау байлаған,

Дұспанның тобын тоздырған

Тоғытқан қойдай айдаған,

Қияқты найза таянған,

hәр  қайсысы жүз кісіге баланған,

Ер қазақтың баласы

Бастан дәулет кеткең соң,

Шырқ айланып бұ жалған

Жапасын түрлі еткен соң,

Бұлы кетіп басынан

Жаман жол тауып жасынан,

Ащы суға мас болып,

Бір-біріне қас болып,

Ала болып ауызы,

Басшы болып жауызы,

Тарттырып тұр қоңынан,

Адасып тұр жолынан.


Мұны да байқай қарасам,

Ер қазақтың баласы 

Панасынан айрылып.

Қанатынан қайрылып.

Сыйлы болған басынан

Бақ тайғанға ұсайды.

Кеше бір өткен заманда

Біздің қазақ теп-тегіс

Толықсып тұрған шақ еді.

Еділ, Жайық арасын

Көше-қона жайлаған,

Шалғынына бие байлаған,

Еркін қоныс, қалың ну

Бетегелі көк орай

Баса қонған байларым

Дәулеті асқан уақ еді.

Асыл, сойлы хандардай

Аса жүйрік билері

Шаңқан ақ боз үйлері.


Шалқып жатқан сулары

Сынын түгел толтырып

Айтарға тілім жетпеген

Әр кезде естен кетпеген.

Қызықты кешкен күндері

Қазағымның басында

Бір-ақ қонған бақ еді.

Қысымыздан өткенде

Жаздың айы жеткенде,

Мақпалдайын көгеріп,

Түрлі өлең жетісіп,

Жер жүзіне біткенде

Үйін тиеп байларым

Қонушы еді жағаға.

Жасы кіші адамдар,

Келіп сәлем беруші ед

Жасы үлкен ағаға.


Сапырулы сары қымыз,

Салқын үйде құрылған,

Алқалаған кең мәжіліс,

Бір сын еді со күні,

Емізікті қара сабаға.

Суаттан жауып айдаған,

Шыңғыртып құлын байлаған,

Сыдыртып құрық сілтеген,

Қайырып шыққан кілтеден,

Жарастықты іс еді,

Жас көңілді балаға.

Ақ отаудың ішінен,

Түрулі жердің тұсынан,

Мойнын бұрып қараған.


Асын қойып бір шетке

Енесін түйрей қараған,

Желінің басы ызы-шу

Сол қараған арудың

Көңіліне жараған.

Күлтеленген жібектей,

Қара шашын тараған,

Қызықты еді о да бір,

Саф көңілді балаға.

Әуелі сәске шағында

Желіден үйге барған соң,

Жасы, қарты теп-тегіс.

Сары қымызға қанған соң,

Құлаш ұрып суында

Жарысу бір сар* еді.

Домбыра шертіп, жыр толғап,

Сауықпенен өткізген

Күндер талай бар еді.

________

*Сар – дағды, әдет мағынасында. 


Бүгінгінің мың күні

Бір күнінен садаға!

Кешкі мезет болғанда

Бозбалалар жиналып

Жылқы жабар суатқа.

Суға қанып шыққан соң

Шығарып кетер белгілі

Өрісі анау қыр жаққа.

Шығарып кеткен балалар

Қайтады содан бір уақта.

Қайтқандары онан белгілі

Іңір ақшам шағында.

Шыңғыратып ән қосқан

Дауыстары келер құлаққа.

Ертеңменен тұрғанда

Шық түсер белден малынып.

Қысқа жүнді қызыл нар

Желісіне қайтар өрістен

Күңірене боздап зарығып.


Зарыққан даусы айуанның

Құлағына келген соң,

Сарыжадай толықсып,

Жас қамыстай бой тартып,

Бәйбіше шығар боз үйден

Үстіне шапан жамылып,

Саф һауаға керіліп,

Қозғаларға ерініп,

Сайран етер азырақ

Жер жүзінің тұрғанын

Меруерттей тамылжып.

Қанша сөйлеп сыпаттап

Айтсам-дағы барымша,

Жетістіріп айтуға

Тырбансам да халымша,

Жеткізе алман о күнгі

Өтіп кеткен дәуірдің

Болып озған төріне.

Төрі түгіл жете алман

Жүз бөліктен біріне.


Қысқартып айтсам айтармын

Бір түрлі бүй деп мысалын.

Алма мойын, аршын төс

Құбаған мұрын, қиғаш қас

Мойыл көзді, тоқ жүзді

Сүйкімді сұлу жарменен

Көңіл ашып күлген күн.

Бір ұсаса сол ұсар

Кешегі со қазақтың

Қызбалықтай күніне

Уай, дүние-ай бұ күнде

Со дәулеттің бірі жоқ

Қара қазақ баласы

Қайткенде адам болады?

Бәрі қатын жүректі

Іздесең емге таппайсың

Еңіреген жалғыз ері жоқ.


Аузы түкті бір хохол

Шетінен ұстап сабайды

Оған қарсы дері жоқ,

Мал іздей шықса бес орыс

Қатын, бала, қарт ана

Бәрін тастап босады,

Жүрегі қорқып ұшады.

Ойлап тұрсам бұларды

Бұ күндегі жігіттің

Кеудесінде жаны бар

Тірі дейтін жері жоқ.

Бұрынғы өткен замандай

Шалқыған су, қалың ну

Еркін қоныс, кең жайылым

Түсіне де кірмейді.

Ондай кендік бір уақыт

Болғанын да білмейді.


Борап жатқан бір топырақ

Ірге жаяр жері жоқ

Сол топырақтың ішіне

Үйін тиеп қонады.

Алақандай қатқыл жер тапса,

Өңшең жыртық қараша үй

Сол араға толады.

Шағаладай, шаңқан боз үйлер,

Бетегелі бұйра, ну жерлер

Бәрі кетті қазақтан

Не дерге мұны болады?

Асыл сойдан адам жоқ,

Іске айтпайтын жаман көп.


Ел билеген басшысы

Адам айтса нанғысыз.

Аяқ асқа алғысыз,

Биасылдан би тұрып,

Тұрғаннан елді жей тұрып,

Сілімтірге сатылып

Тамақтан басқа ойы жоқ,

Ел басқарар сойы жоқ,

Қалып тұр күні қазақтың.

Осындай неше жаманға

Бұған һешбір амал жоқ.

Хандар азса не болар?

Қарадан басы кем болар,

Халқына тегіс көз салмай

Қара басын қайғы етер.


Күндердің күні болғанда

Берекет кетіп жерінен,

Бүлгіндік шығып елінен,

Тағынан таяр күн болар.

Халық азса не болар?

Қолдың басы кем болар.

Дәулеті кетіп басынан,

Дұспаны шығып досынан,

Биасылға бағынып,

Жарамсақтап жағынып,

Тақсырлап оған бас ұрып,

Жамандығын жасырып,

Шаршы төрде көсіліп,

Сыйлағанға есіріп,

Тарқақтық талай етсе де,

Сүйекке өтіп жетсе де,

Көңілі жүдеп кішіріп

Көнбеске көнер күн болар.


Терісімді оң қыл деп,

Жөнсізімді жөн қыл деп,

Дәулетін шашып адамға

Ит пен құсқа жем болар.

Болыстыққа таласып,

Жақ-жақ болып бөлінер.

Дәулеті шағын адамдар

Осы жолға шашылып

Ондық үшін шығынға

Сағағынан ілінер.

Бұның ұят екені

Байқұс надан қазаққа

Қашан анық білінер?

Түбіне жетті қазақтың

Осындай кесір таласы.

Неге тентек болды екен

Мұнша қазақ баласы.


Кентті жұрттың адамы

Әкімдіктен қашады.

Алыс жатыр ойласақ

Екеуінің арасы.

Әкімдер азса не болар?

Іздегені жем болар.

Алымсыз төре бере алмас,

Арам жемей жүре алмас.

Кім берсе пара молырақ

Соның ісі жөн болар.

Бергенге есік кең болар,

Бермесең басың кем болар.

Бергеннің аты «сіз» болып,

Бере алмасаң «сен» болар.

«Иттен туған қазақ» деп,

«Тарттырармын азап» деп,

Қырлап айтқан сөзінің

Төркіні «маған бер» болар.

«Маған бер» келсе орнына

Сенің де орның төр болар.


Жазу-сызу әйтсе де

Келістіру, бітім жоқ.

Айлар, жылдар өтсе де

Іс кесіліп біту жоқ.

Қара қазақ баласы

Осылайша қор болар.

Дүниеде мәңгі бақыт жоқ

Қырық емшегін сордырған,

Жөнсіз ісін жөн қылған,

Білек иесі тақсырым,

Оған да бір күн жол болар.

Алым, пара жегені

Бас әкімге білініп,

Ауыр іске ілініп,

Не қыларға жөн таппай,

Көзінің жасы көл болар.

Асылына қайтып һәр нәрсе,

Арамнан жиған дәулеті

Орнын табар күн болар.


Ағайын азса не болар?

Ала бөлек жау болар.

Бір-біріне сену жоқ,

Бірлік айтса көну жоқ,

Баққандары дау болар.

Аламан азса не болар?

Бағытынан жаңылып,

Жалқаулыққа бағынып,

Шаруасын налытып,

Жат дұспанға қол болар.

Абырой жоқ, ұят жоқ

Қыры кеткен сұм болар.

Арғымақ тұлпар азғаны

Жабыменен тең болар.

Кербездер азса не болар?

Үсті-басы кір болар,

Күл шығарып, су тасып,

Мысалы бейне күң болар.


Аруаналар азса не болар?

Айырдан басы кем болар,

Замана азар шағында,

Жауызға дүние кең болар.

Тура тиіп атқаны,

Тыңдалып тегіс айтқаны,

Істегені ем болар.

Жақсы атаның баласы,

Азғанының белгісі,

Жолдас болар жаманға,

Үйір болар арамға,

Сырын қосып сөйлеспес,

Ақыл иесі адамға.

Күндердің күні болғанда

Жолдас болған сол жаман,

Себеп болар ақырда,

Таудан үлкен залалға.

Тап қылмағай құдайым,

Қасіретті ондай жаманға.

Көзі соқыр, көңілі тар,

Көргенсіз өскен наданға.


Әкімді құдай ұрғаны,

Төресін теріс бұрғаны.

Қартты құдай ұрғаны,

Қарт басымен жас болып,

Көрінгенге қылмыңдап,

Жігіттікті құрғаны.

Жігітті құдай ұрғаны,

Жігерсіз жасық болғаны,

Ұрлық, өтірік секілді,

Келіссіз істі қолданып,

Адалға мойны жар бермей

Арам істі қылғаны.

Баланы құдай ұрғаны,

Бассыз бастық болғаны.

Жақсылықты жад етпей

Жаман ақыл қонғаны.

Қатынды құдай ұрғаны –

Қарсыласа тұрғаны.

Ері шықса үйінен

Дәулетін шашып далаға

Қатын-қалаш шақырып

Күнде жиылыс құрғаны.


Құдайы қонақ жолаушы

Кезі келіп конғанда

Кіре-шыға жылысып

Арқан-жібін жиғаны –

Шаруадан қазақ қалғаны.

Қалаға жиі барғаны –

Несие сұрап дүкеннен

Үш-бес ине алғаны

Асыл бұйым жиһазын

Залок үшін салғаны.

Мезгілінде бара алмай,

Салған жиһаз сатылып,

Залогын салған ала алмай,

Қазақ босқа қалғаны.

Жексенбі сайын сартылдап,

Қаладан қалмай жалпылдап,

Ішкен шайға мәз болып

Жерін сатар орысқа.

Үш жыл бұрын жеп қойып

Белшесінен батар борышқа.


Қарыз алған анаәугі

Тиын бар ма дегенге

Жексембіде берермін

Расчетым бар дер орыста.

 Үш жыл бұрын жеп қойып

Ол ақшаны қондырған

Алдақашан қонысқа.

Молданы құдай ұрғаны –

Таңырайта мұртын қырғаны.

Тәртіпті оқу харам деп

Надан қара халықты

Ғылымның төте жолынан

Теріс бағытқа бұрғаны.

Кітап, ұстап, бал ашып

Бақсылықты құрғаны.

Тамыр ұстап үшкіріп

Батыл ғамал қылғаны.

Басы ауырса бағам деп,

Қағынды екен қағам деп,

Жылы қанды ағызып

Өкпеменен ұрғаны.


Семіз бағылан етіне

Қарнын кере бір тойып

Қара қоңыр теріні

Өзіне қарай бұрғаны.

Пәлен адам өлді деп

Құдайым жаңа берді деп

Өлімтік көрген қарғадай,

Бәрі келіп қонғаны.

Ала арқанды жүгіртіп,

«Алдым, бердім», жасарға

Үш-төрт молда жүгінтіп,

Оң жақтағы өліктің

Айналасы толғаны.

Шариғатта бар ма екен

Фідиясін алып біреудің

Кінәсінен тазалап

Ауыстың жөні болғаны.

Танасына фідияның

Ауыстырып алған кінә үшін

Тамұққа терең салмас па?


Ахретте молданы

Сонша өлген жандардың

Кінәларын арқалап

Ахрет күні болғанда

Тартар болса жазасын

Мұрнынан шығып фідиясі

Молданың да жолы болғаны.

Сопысып надан жүргені –

Қанахаға кіргені.

Құлаш жарым тас тізіп,

Мойнына орап ілгені

Шартын білмей қолданып,

Шатысып әбден бүлгені.

Риязат* шегіп ұйықтамай,

Қарамат түрлі көргені.

Хлуетте зікір айтам деп,

Тірілей көрге кіргені.

Қиялдан келген халлерге

Түрлі мағына бергені.

Мұның бәрі ойласам

Надандықтан келгені.

__________

*Риязат – бұл жерде азап шегу, бейнетті ауыр күндер мағынасында. 


Әттең сені, надандық,

Мұнша неге қорлайсың?

Кетіп пе еді ар-қаның

Арттан қалмай өлгенше

Бізді ғана қолдайсын,

Әкең құны бар ма еді?

«Бізден аулақ, жырақ» деп,

Айтсақтағы болмайсың.

Тоқта балам, асықпа,

Бізден соңғы балалар

Ғылым көзін ашқан соң,

Ілгері аяқ басқан соң,

Білемін, сен де надандық,

Осы күнгі біздегі

Телпекті киіп басыңа

Бақсы, балшы жолдасың

Ертіп алып қасыңа,

Терең жерге көміліп

Тар орынға қонғайсың.