ТӘКАББАРЛЫҚ

 Біреуі жаман мінез такаббарлық,

 Менсінбеу басқаларды құлқы тарлық.

 Бұ да бір көрмегендік, білмегендік,

 Болмаса не бар өзін зор баларлық.

 Көп болса алақандай бір қағазды,

 Одан да қасиет бар мезі боларлық.

 Дәрежең артқан сайын тауфиқ * бол,

 Белгісі тауфиқлық ғақылы барлық.

 Білігі, ғақылы кәміл бар адамдар

 Мінез жоқ бойында еш шет санарлық.

 Үлкенге етер тағзым, жасқа шафхат**.

 Тағлым көрген кісі үлгі аларлық.

  Хош мәжіліс, ашық жүзді сөзі дәмді

 Таппайсың сықпытынан ешбір тарлық.

 Көңілден көтерілер жәмла уәйім

 Не қайғы бұл мәжілісте  кетер барлық.

 Аталық айтқан сөзі бәрі ғибрат

 Жүрекке неше түрлі ой саларлық.

 Болар ма бұлар бірдей оларменен

 Тылтыйып бар білгені таккаббарлық.

 ______________

* тауфиқ- ынсап

 ** шафхат – шапағат, қайырым


  Тылтиып такаббарлық білген бары,

 Бұл күнгі адамдардың тұтқан сары*.

 Силаса силайтындық қорыққаннан

 Елге жоқ онан басқа ағытпары.

 Кірпідей іштерінен жек көреді

 Әшкере болмаса да көзге айтары.

 Бақ тайып дәрежеден ауа қалса,

 Бар бәлем кетсін дейді онан әрі.

 Қылықсыз сүйкімсіздік елге жақпау,

 Емес пе ед қор болары мұның бәрі.

 Сүйкімді халық силаған ешбір хакім

 Табылмас біздің елде емге дәрі.

 Көзіне тақсыр-тақсыр десе дағы

 Ішінен боқтап өтер жұрттың бәрі.

 Жағымсыз құлқы жаман туралық жоқ

 Баққаны пайда, пара-алым жағы.

 Тап болар хакім болса, осындайдан

 Болған соң халықтың бағы тайған шағы.

______________

* сары – әдеті


 Тап болып ғаділ хакім оқымысты

 Жарық күн туар ма екен бізге дағы?

 Жарық күн бізге дағы болар ма екен?

 Ішінен өнер білген жандар шығып,

 Басылған халықтың көңілі толар ма екен?

 Оқытып жас баланы тегісінен,

 Жемісін еткен азап орар ма екен?

 Жетісіп, оқып шығып жас балалар

 Қазақтың көзі ашылып оңар ма екен?

 Болмаса, қайтар баққа тура келіп,

 Олар да құлықсыз, жаман болар ма екен?

 Ер қазақ өнер біліп көзі ашылса,

 Ит дұшпан маңайына жолар ма екен?

 Теңдікті қазағым да бір ел болып,

 Қатарлас басқа жұртпен тұрар ма екен?

 Хал бітіп тегісінен адам болып,

 Жиналып бақ пен дәулет құрар ма екен?

 «Ұл, қызың,– бірдей оқыт»  деген сөзім,

 Тындалып қазағыма ұнар ма екен?

 Тыңдалып қазақ тегіс өнер біліп,

 Зарыққан ерлер көңілі тынар ма екен?


 Әу, қазақ! балаларың өнер білсін,

 Жасынан жақсылықтың жолын көрсін.

 Бұ заман өнерлінің заманы да

 Өнері арқасында өрге жүзсін.

 Таянып әр қайсысы өз басына,

 Өз жолын жүретұғын өзі білсін.

 Жақсылық, ғылымына берік тұрып,

 Жолынан жамандықтың жырақ жүрсін.

 Мал жиып, ғылым, өнер арқасында,

 Рахат жұртпен бірдей дәурен сүрсін.

 Қартайған уақытында көріп рахат,

 Оқытқан аталардың көңілі тынсын.

 Рахат, тыныш тұрып қарттығында,

 Құлшылық тәңірісіне тағат қылсын.

 Жасында өзі еккен ағашының

 Жемісін кәрілікте көзі көрсін.

 Тілегін бала оқытқан аталардың,

 Құдайым етіп рақым, өзі берсін.

 Сарп етіп бұ жолдарға, тұтқан малы,

 Ағаштай берген жеміс қайта келсін.


  Ағаштай өсіп түрлі жеміс берген,

  Өсірген тәрбиелеп, егіп жерден.

 Бала да ер жеткен күн етер пайда,

  Жасында болған болса өнер білген.

  Халқына тиер оның шафағаты,

  Күн болса басына бір тарлық келген.

  Мың пида жалғыз жанын етер сонда,

  Жолына халқының өсіп өнген.

  Надандар еш пайдаға аса алмайды,

  Білігі болмаған соң дүние көрген.

  Сырт көзге басы бардың бәрі адам,

  Шындықта адам аз-ды, жөнді білген.

  Біледі оқып жатса, алса тәлім,

  Оқымай қалған надан нені білген?!

  Арқадан жауса боран ықтырмадай

  Шын ерлер болар пана соққан желден.

  Наданның зәредейін жоқ панасы

  Адамдар болар әлек оған сенген.

  Шынтуайт қиқу шығып көтерілсе,

 Сыр шығар, жігіт сенген талай ерден.


 Сыр шығар, жігіт сенген ерден талай,

 Ер қайда шалдырмайтын топтан торай.

 Атадан артық туған асыл ерлер

 Бет алып сала берер жөнге қарай.

 Абдырап ғақыл таппай сасқалақтап,

 Ешкімге бармас істің жөнін сұрай.

 Би тұрса биасылдан іске аспайды

 Күн туса, халыққа қиын екі талай.

 Болмайды ел қамында оның ойы

 Болады алым, пара баққаны оңай.

 Сатады елі-жұртын екі пұлға,

 Істейтін жамандардың ісі солай.

 Халықпыз күні қалған жамандарға

 Белгілі не болары мұның соңы-ай.

 Қарап тұр жұрт жаманға, жүк тайлаққа,

 Келмейді сірә бізге істің оңы-ай.

 Қазақты аңдып тұрған көп-ті дұшпан

 Аямас не заттан да келсе қолы-ай.

 Қызығып халыққа надан кім көз салмас,

 Жаманды жаншу қиын емес оңай.


 Жаныштау білімсізді қиын емес,

 Мағыналы тыңдағанға бұл бір кеңес.

 Наданды құл орнына қолданса да,

 Жан ашып ешкім обал болды-ау демес.

 Сазайы өнер, ғылым үйренбеген,

 Десе дер, әмме оған қайғы жемес.

 Халықтың оқып көзі болса ашық,

 Еш дұшпан оған батып жақын жүрмес,

 Қаруы бұ заманның өнер, ғылым,

 Еш құрал екеуіне қарсы келмес.

 Құралды екі жеңсе, бір жеңілер,

 Өнерлі, ғылымдыны ешкім жеңбес.

 Құралы өнер-ғылым болса қолда,

 Ар-намыс дұшпандарға қолдан бермес.

 Алдында біздің халықтың екі жол бар,

 Біреуі сол екенің барса келмес.

 Айқын жол ашық жатқан екіншісі

 Қор болып оған түскен азап көрмес.

 «Надандық» барса келмес біздер сонда,

 «Бірлікті», екінші жол бізге емес.


Оқушы осы жерде бітті сөзім,

 Не сөздер, жазылғанын көрді көзің.

 Жақсы ма? тұт! жаман ба? таста былай! 

 Берерсін бір патуа*, бұған өзің.

 Бірде олпы, бірде солпы болса дағы,

 Жазармыз, жанға құдай берсе төзім.

 Шықпаса сөзім сұлу шықпағанды,

 Осы күн көңіл жарым жүрген кезім.

 ______________

 *Патуа – бітім, келісім, шешім, түсіндіру.