Өмірбаяны

Ғұмар Қараш
(1875-1921 ж. ж.)

Ғұмар Қараш – көрнекті ақын, ойшыл-философ, халқын өнер мен ғылымға, берекелі ел болуға үндеген қайраткер-ағартушы, дін-шариғат, имандылық жолын, араб, парсы, түрік, татар, башқұрт тілдерін жетік білген ғұлама-ахун, өз дәуіріндегі мерзімді баспасөзге қазақ елінің көкейкесті мәселелері хақында үзбей ой толғаған қаламгер, «Қазақстан», «Дұрыстық жолы» сияқты газеттер мен «Мұғалім» журналын шығару үшін қызу атсалысқан баспасөз жанашыры.

Оның 1910-1918 жылдарда Қазан, Үпі (Уфа), Орынбор қалаларынан «Ойға келген пікірлерім», «Бала Тұлпар», «Қарлығаш», «Өрнек», «Тумыш», «Бәдел-хажы», «Аға Тұлпар», «Тұрымтай» сияқты өлең кітаптары мен прозалық-философиялық толғаныстары жарық көрді. Сонымен қатар ел аузында жүрген ақын, жыраулар мұрасын, эпостық жырларды жинап, жариялауда елеулі істер атқарды.


Ғұмар Қараш ақын, жыраулар елінде туып өсті. Жас кезінен жанына серік, көңіліне көрік еткені Шәлгез бен Доспамбеттің, Асан қайғы мен Қазтуғанның, Махамбет пен Мұраттың өлең-толғаулары, Қазақстанның батыс өңіріне тараған батырлық жырлары еді. Miнe, ақын осы мұраларды жинастырып, 1910–1912 жылдарда Орынбор қаласынан «Шайыр», яки қазақ ақындарының басты жырлары», «Көксілдер», яки бұрынғы мырза ұлы  һэм ноғайлы батырлары уа ғайри  мағыналы жырлар» деген екі жинақ шығарады. Ол «Шайыр» жинағына Байтоқ, Жанұзақ, Доспамбет, Қазтуған, Шәлгез, Әсет, Шәңгерей  шығармаларын, шешендік сөздер мен «Ер Шобан», «Әділ сұлтан» сияқты жырларды жиырмадан аса әдеби мұраны топтастырған.

 Ғұмар Қараш XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласына кең тараған «Айқап», «Мұғалім», «Шора» журналдары мен «Қазақстан», «Ұран», «Дұрыстық жолы», «Қазақ дұрыстығы» сияқты газеттерде сол дәуірдің көкейкесті мәселелері хақында өлеңдер мен мақалалар жариялап, мерзімді баспасөз бетінде жиі көрінеді.


Ғұмар Қараш 1875 жылы Ішкі Бөкейлікте Қырқұдық деген жерде туған. Бұл өңір қазір Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданына қарайды. Әкеден жастай жетім қалса да ағайын-туыстар қамқорлығымен әуелі ауыл молласынан оқып, хат танып, сауат ашады. Кейін Ғұмар Жазықұлы, Ысмағұл Қашғари сияқты моллалардан, Жалпақтал (қазіргі Фурманов елді мекені) қаласында Ғұбайдолла Ғалікеев хазіреттен дәріс алып, сол кісі ұстаған медресені бітіреді. Бұдан соң 1902-1910 жылдары өзі туып өскен ауылында, Тіленшісай, Борсы мекендерінде жәдитше (жаңаша) бала оқытады. Оның мектеп, медреселерде қазақша, орысша пәндерді қатар оқытуына, орыс, татар мұғалімдеріне сабақ бергізуіне қожа, моллалар мен жергілікті әкімдер қарсы шығып, «дінді бұзды» деген желеумен өсек-аяң таратады. Ғұмардың мұндай бөгеттерге кезігуі оның ғылым, білім, әділет жолындағы көзқарасын айқындай түседі.


XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласына тарайтын арабша, түрікше, татарша, қазақша басылымдарды оқып, заман, дәуір жайын аңғара бастайды, ол әдеби, тарихи, пәлсапалық кітаптарды іздеп жүріп оқиды. Сөйтіп, ислам діні қағидаларын жетік білетін Ғұмардың енді дүниелік ғылымдардан да жақсы мағлұматы болады, 1907 жылдардан бастап қазақ, татар тілдерінде шығатын газет, журналдарда мақалалары мен өлендерін жариялайды. Ол елдің әлеуметтік өміріне араласып, халық мұратын көздейтін істерге белсене атсалысады. Бұған куә – оның 1911 – 1913 жылдарда әуелі Ордада, кейін Оралда шығып тұрған «Қазақстан» газетін шығаруға, оның жұмысын жолға қоюға белсенді қызмет етуі.


1905-1907 жылдардағы бірінші орыс төңкерісінен кейін Ресейде де, қазақ даласында да қоғамға сын көзімен қарап, халықтың көкейкесті мәселелерін көтеру бел алғаны аян. Қазақ зиялылары  да осы кезеңде халық, заман хақындағы ойларын елге тарататын баспасөз қажеттігін жақсы түсінеді. Сондықтан Ғ.Қараш, Е.Бұйрин, Ш.Бөкеев, Ғ.Мұсағалиев, Б.Қаратаев сияқты қазақ оқығандары «Қазақстан» газетін шығаруға күш салды. Сөйтіп, алдымен Ордада, содан соң Орал (Теке) қаласында «Қазақстан» газетін шығарып тұрды. Аталған зиялылар газет бетінде елдің әлеуметтік мәселелерін көтерген мақалалар мен өлеңдер, орыс әдебиетінен аудармалар жариялайды.

Ғұмар 1917 жылғы ақпан төңкерісіне және «Алаш» партиясына үмітпен қарайды. Оның 1918 жылы «Тұрымтай» жинағында жарияланған «Көреміз бе?», «Келер ме екен?», 1918 жылы 22 қаңтарда «Сарыарқада» жарық көрген «Алаштың азаматтарына» деген арман мен үмітке толы өлеңдері осы кезеңде жазылады.


Ғұмар Қараш 1917 жылы мамырда Ордада өткен Бөкей қазақтарының жалпы съезіне қатысады. Делегаттар ақынды Мәскеуде болатын Ресей мұсылмандары съезіне өкіл етіп жібереді. Ғұмар сол жылғы желтоқсанда Орынборда өткен жалпы қазақ съезіне шақырылып, сонда тартымды баяндама жасайды.

Халыққа қызмет етуді өмірінің мақсат-мұраты санаған ақын 1918 жылы діни мансабын біржола тастап, елге нақты қызмет ету, әлеуметтік өмірге белсене араласу жолына ойысады. Сөйтіп, туған елі Жәнібекке келеді. Ордадағы педтехникумда сабақ береді. 1918 жылғы 24-ші қыркүйекте болған Бөкей губерниясы мұғалімдерінің I съезіне және 1918-1920 жылдарда өткен сол губерния кеңестерінің I, II, III, IY съездеріне делегат боп қатысады. Съездерде жарыс сөзге шығып, өз пікірлерін ашық айтады. Ол осы жылдарда жаңа кезеңді насихаттайтын «Екеуі екі басқа» мақаласын, «Дұрыстық жолы», «Жаңа жыл құтты болсын» сияқты өлеңдерін жазады.


Ғ.Қарашқа Ордада ұйымдастырылған айына екі рет шығатын «Мұғалім» атты тәлім-тәрбие, ғылыми-пән журналының шығарушылар алқасын басқару жүктеледі. Бұл – тұңғыш қазақ кеңес педагогикалық журналы еді. Ғ.Қараш осы журналда «Педагогика» атты еңбегін жариялайды. 1919 жылы «Дұрыстық жолы» газетінің жұмысына оның алқа мүшесі және белсенді тілшілерінің бірі ретінде қызу атсалысқан.

1919 жылы Ордада қазақ жазушыларын біріктіретін алғашқы одақ негізін салып, «Дұрыстық жолы» газетін шығаруы, өзі туып, өскен өңірден «Қырқұдық» аталатын ауыл шаруашылық артелін ұйымдастыруы Ғұмардың ел үшін еткен өлшеусіз еңбектерін таныта түседі.


Ғ.Қараштың 1920 жылы 21 маусымда II Бөкей губерниялық партия конференциясында губкомның пленум мүшесі болып сайлануы, сол жолғы I пленумда губкомның үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып бекітілуі– азамат ақынға халықтың үлкен сенім артқандығын көрсетеді. Оның осындай белсенді еңбегі, қызу да қарбалас жұмыстары, қызыл әскерге азық-түлік жинауға ат салысып, ел ішіндегі әрқилы зиянкестермен күресуі еңбекші-бұқара жауларының ызасын келтірмей қоймады. 1921 жылы 12 сәуірде ақын Құнаншапқан деген жерде азаптап өлтірілді. Ақынның мезгілсіз қазасы хақында «Қазақ тілі» (1921, № 136) газеті: «Ғұмардың атын Россиядағы қазақ елі түгел біледі деп айтсақ та өтірікші болмаймыз. Қазақ еліне білімді, пікірлі қызметкерлердің өте керек болып тұрған заманында Ғұмар сияқты зор ғалымның қашқындар қолынан қылышпен кескіленіп өлтірілуі жанды күйдіреді, жүрегімізге от жағады», – деп жазды.


Ғұмар Қараш – әртүрлі мерзімді баспасөз беттерінде көп жазған қаламгер. Ол шығармаларын «Ғұмар Қараш баласы», «Ғұмар Қарашұлы», «Ахунд  Ғұмар Қарашұлы», І «Ғұмар әл-Қараши», «Бөкей елінің бір баласы». «Ғұмар Қараш», «Ғ. Қ», «Ғ. Мұштақ», «Ғабдолла Мұштақ», «Қазақаев», «Ғұмар Қарашев», «Оразақай» деген есімдермен жариялап отырған. Ол «Ғабдолла Мұштақ» бүркеншік атын «Қарлығаш», «Тумыш» жинақтарында және «Шайыр», «Көксілдер» топтамаларындағы өз шығармалары соңында колданады. Ал, «Қазақстан» газетінде (1911, № 2. 27 май) жарияланған «Тіршілік таласы» атты мақаласында өзі шыққан елінің атымен «Оразақай» деп қол қояды. Ал, «Ғ.Мұштақ» –«Тумыш» жинағында және «Әділ мырза мен ару Шандоз» әнгімесінде кездеседі. Бірақ, әңгіме соңында ақын өзінің мекен-тұрағы мен  аты-жөнін толық жазған.


Ақын «Бала тұлпар», «Аға тұлпар»  жинақтарының алғашқы бетінде кітап авторы деген жерде және «Қазақстан» газетіндегі «Баку» очеркінің соңында «Ғ.Қ.» деп ғана көрсеткен. Сондай-ақ, «Қазақстан» газетіндегі «Жастарға» (1912. №6, 4-ақпан), «Тәнсіз жан жоқ» (1912. №4, 2-қаңтар) деген мақалаларын «Қазақаев» деген бүркеншік атпен жазған. Ал, Имам Ғазалиден аударған өлеңін «Бөкей елінің бір баласы» деген атпен жариялаған.

Ғұмар бүркеншік есімдерді бір басылымда бірнеше шығармасы жарияланатын жағдайларда, өлең, мақалалары газет, журналдарда жиі берілген реттерде қолданса керек. Сонымен қатар, ол бес өлең кітабының соңғы екеуінде ғана («Аға тұлпар», «Тұрымтай») аты-жөні толық жазған. Соған қарағанда, әбден ақындық кемеліне келгенге дейін өз атын ашық жазуды лайық көрмеген сияқты.

Кейбір зерттеушілер «Қазақстан» газетінде «Қазақ» деген атпен жарияланған біраз мақалалар мен өлеңдерді де Ғ. Қараштікі санапты. Мұны әлі де зер сала анықтаған жөн. (Ғұмырдерек “Замана” кітабынан алынды)