Өмірбаяны

Ғ.Қараштың 1920 жылы 21 маусымда II Бөкей губерниялық партия конференциясында губкомның пленум мүшесі болып сайлануы, сол жолғы I пленумда губкомның үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып бекітілуі– азамат ақынға халықтың үлкен сенім артқандығын көрсетеді. Оның осындай белсенді еңбегі, қызу да қарбалас жұмыстары, қызыл әскерге азық-түлік жинауға ат салысып, ел ішіндегі әрқилы зиянкестермен күресуі еңбекші-бұқара жауларының ызасын келтірмей қоймады. 1921 жылы 12 сәуірде ақын Құнаншапқан деген жерде азаптап өлтірілді. Ақынның мезгілсіз қазасы хақында «Қазақ тілі» (1921, № 136) газеті: «Ғұмардың атын Россиядағы қазақ елі түгел біледі деп айтсақ та өтірікші болмаймыз. Қазақ еліне білімді, пікірлі қызметкерлердің өте керек болып тұрған заманында Ғұмар сияқты зор ғалымның қашқындар қолынан қылышпен кескіленіп өлтірілуі жанды күйдіреді, жүрегімізге от жағады», – деп жазды.