Өмірбаяны

Ғұмар Қараш 1917 жылы мамырда Ордада өткен Бөкей қазақтарының жалпы съезіне қатысады. Делегаттар ақынды Мәскеуде болатын Ресей мұсылмандары съезіне өкіл етіп жібереді. Ғұмар сол жылғы желтоқсанда Орынборда өткен жалпы қазақ съезіне шақырылып, сонда тартымды баяндама жасайды.

Халыққа қызмет етуді өмірінің мақсат-мұраты санаған ақын 1918 жылы діни мансабын біржола тастап, елге нақты қызмет ету, әлеуметтік өмірге белсене араласу жолына ойысады. Сөйтіп, туған елі Жәнібекке келеді. Ордадағы педтехникумда сабақ береді. 1918 жылғы 24-ші қыркүйекте болған Бөкей губерниясы мұғалімдерінің I съезіне және 1918-1920 жылдарда өткен сол губерния кеңестерінің I, II, III, IY съездеріне делегат боп қатысады. Съездерде жарыс сөзге шығып, өз пікірлерін ашық айтады. Ол осы жылдарда жаңа кезеңді насихаттайтын «Екеуі екі басқа» мақаласын, «Дұрыстық жолы», «Жаңа жыл құтты болсын» сияқты өлеңдерін жазады.