Өмірбаяны

1905-1907 жылдардағы бірінші орыс төңкерісінен кейін Ресейде де, қазақ даласында да қоғамға сын көзімен қарап, халықтың көкейкесті мәселелерін көтеру бел алғаны аян. Қазақ зиялылары  да осы кезеңде халық, заман хақындағы ойларын елге тарататын баспасөз қажеттігін жақсы түсінеді. Сондықтан Ғ.Қараш, Е.Бұйрин, Ш.Бөкеев, Ғ.Мұсағалиев, Б.Қаратаев сияқты қазақ оқығандары «Қазақстан» газетін шығаруға күш салды. Сөйтіп, алдымен Ордада, содан соң Орал (Теке) қаласында «Қазақстан» газетін шығарып тұрды. Аталған зиялылар газет бетінде елдің әлеуметтік мәселелерін көтерген мақалалар мен өлеңдер, орыс әдебиетінен аудармалар жариялайды.

Ғұмар 1917 жылғы ақпан төңкерісіне және «Алаш» партиясына үмітпен қарайды. Оның 1918 жылы «Тұрымтай» жинағында жарияланған «Көреміз бе?», «Келер ме екен?», 1918 жылы 22 қаңтарда «Сарыарқада» жарық көрген «Алаштың азаматтарына» деген арман мен үмітке толы өлеңдері осы кезеңде жазылады.