Өмірбаяны

XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласына тарайтын арабша, түрікше, татарша, қазақша басылымдарды оқып, заман, дәуір жайын аңғара бастайды, ол әдеби, тарихи, пәлсапалық кітаптарды іздеп жүріп оқиды. Сөйтіп, ислам діні қағидаларын жетік білетін Ғұмардың енді дүниелік ғылымдардан да жақсы мағлұматы болады, 1907 жылдардан бастап қазақ, татар тілдерінде шығатын газет, журналдарда мақалалары мен өлендерін жариялайды. Ол елдің әлеуметтік өміріне араласып, халық мұратын көздейтін істерге белсене атсалысады. Бұған куә – оның 1911 – 1913 жылдарда әуелі Ордада, кейін Оралда шығып тұрған «Қазақстан» газетін шығаруға, оның жұмысын жолға қоюға белсенді қызмет етуі.