Өмірбаяны

Ғұмар Қараш 1875 жылы Ішкі Бөкейлікте Қырқұдық деген жерде туған. Бұл өңір қазір Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданына қарайды. Әкеден жастай жетім қалса да ағайын-туыстар қамқорлығымен әуелі ауыл молласынан оқып, хат танып, сауат ашады. Кейін Ғұмар Жазықұлы, Ысмағұл Қашғари сияқты моллалардан, Жалпақтал (қазіргі Фурманов елді мекені) қаласында Ғұбайдолла Ғалікеев хазіреттен дәріс алып, сол кісі ұстаған медресені бітіреді. Бұдан соң 1902-1910 жылдары өзі туып өскен ауылында, Тіленшісай, Борсы мекендерінде жәдитше (жаңаша) бала оқытады. Оның мектеп, медреселерде қазақша, орысша пәндерді қатар оқытуына, орыс, татар мұғалімдеріне сабақ бергізуіне қожа, моллалар мен жергілікті әкімдер қарсы шығып, «дінді бұзды» деген желеумен өсек-аяң таратады. Ғұмардың мұндай бөгеттерге кезігуі оның ғылым, білім, әділет жолындағы көзқарасын айқындай түседі.