Өмірбаяны

Ғұмар Қараш ақын, жыраулар елінде туып өсті. Жас кезінен жанына серік, көңіліне көрік еткені Шәлгез бен Доспамбеттің, Асан қайғы мен Қазтуғанның, Махамбет пен Мұраттың өлең-толғаулары, Қазақстанның батыс өңіріне тараған батырлық жырлары еді. Miнe, ақын осы мұраларды жинастырып, 1910–1912 жылдарда Орынбор қаласынан «Шайыр», яки қазақ ақындарының басты жырлары», «Көксілдер», яки бұрынғы мырза ұлы  һэм ноғайлы батырлары уа ғайри  мағыналы жырлар» деген екі жинақ шығарады. Ол «Шайыр» жинағына Байтоқ, Жанұзақ, Доспамбет, Қазтуған, Шәлгез, Әсет, Шәңгерей  шығармаларын, шешендік сөздер мен «Ер Шобан», «Әділ сұлтан» сияқты жырларды жиырмадан аса әдеби мұраны топтастырған.

 Ғұмар Қараш XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласына кең тараған «Айқап», «Мұғалім», «Шора» журналдары мен «Қазақстан», «Ұран», «Дұрыстық жолы», «Қазақ дұрыстығы» сияқты газеттерде сол дәуірдің көкейкесті мәселелері хақында өлеңдер мен мақалалар жариялап, мерзімді баспасөз бетінде жиі көрінеді.