Өмірбаяны

Ғұмар Қараш
(1875-1921 ж. ж.)

Ғұмар Қараш – көрнекті ақын, ойшыл-философ, халқын өнер мен ғылымға, берекелі ел болуға үндеген қайраткер-ағартушы, дін-шариғат, имандылық жолын, араб, парсы, түрік, татар, башқұрт тілдерін жетік білген ғұлама-ахун, өз дәуіріндегі мерзімді баспасөзге қазақ елінің көкейкесті мәселелері хақында үзбей ой толғаған қаламгер, «Қазақстан», «Дұрыстық жолы» сияқты газеттер мен «Мұғалім» журналын шығару үшін қызу атсалысқан баспасөз жанашыры.

Оның 1910-1918 жылдарда Қазан, Үпі (Уфа), Орынбор қалаларынан «Ойға келген пікірлерім», «Бала Тұлпар», «Қарлығаш», «Өрнек», «Тумыш», «Бәдел-хажы», «Аға Тұлпар», «Тұрымтай» сияқты өлең кітаптары мен прозалық-философиялық толғаныстары жарық көрді. Сонымен қатар ел аузында жүрген ақын, жыраулар мұрасын, эпостық жырларды жинап, жариялауда елеулі істер атқарды.