ӘЙЕЛДЕР ХАҚЫНДА

Тас жүректерді де ерітетін, рахымсыз көздерге де жас келтіретін қайғылы халдердің бәріне де біз Русия мұсылмандарының қатын-қыз әлемінде ұшырадық. Аянышты оқиғалар әр кісіге де белгілі. Бұл жөнінде көп жазылды. Сол халдерді жазушылардың қаламынан әйелдердің көз жасы соғалағандай. Бұл жайларға газет, журнал беттерінде де кең орын берілді. Аш, жалаңаш жетім-жесірлердің аһ ұрған зарлары ақын, жазушылардың қаламына ілікпей қалған жоқ. Бұл салада газет беттерінде көптеген хабарлар берілді. Әртүрлі уезд, губерния, болыстарда тұратын үйсіз, күйсіз, тамақсыз әйелдердің жағдайлары мен айтқан шағымдары да жарияланды. Бір әйел екі айдан бері ерінің жоғалып кеткенін, енді екі айда келмесе айырылысатындығын, екінші күйеуге шығатындығын жазады. Мұндай мәселелерге діни имамдарымыз анық бір пәтуа айта алмайды. Себебі, діни заң орындарының неке хақында анық, айқын жол-жоба берер заңы жоқ. Осы мекемелер бұл істен түбегейлі айналысуы керек. Мұндай заң болмағандықтан осылар хақында бар шындықты айтуға мәжбүр болдым. Осы мәселелерге байланысты ойларымды «Мәжәллә ахкам шарғия» («Дін қағидалары») деген кітап жазып, соның беттерінде баяндасам деймін.

Құран кәримнің Рум сүресінде үй-іші семья туралы анық айтылған. Онда: «Некелі семья кішігірім қоғам, ондағы ер, әйел, бала-шаға үй-іші мүшелерінің қалыптасқан әдет-дәстүрі болады. Бәрі де соған бағынады» делінеді. Бахара, ниса сүрелерінде семья, неке хақында толық айтылған.

Қазіргі уақытта ауқатты адамдар көп әйел алады. Егдерген шағында халі келмей, бір-бірін басқара алмайды. Сүйтіп, бала-шаға иесіз қалады. Құранда рухани һәм материалдық жағынан мүмкіндігі болғанда ғана көп әйел алуға болады дейді. Әйтпесе, бала-шаға мен әйедердің обалына қалады. Семья ер адамға бағынуы керек. Ал, ер адам – семья басы үй-ішін асырап, желдіруге, рухани, материалдық жағынан қамтамасыз етуге міндетті.