VI ЖАРЫСУ (МҰСАБИҚА)

Надандықтың басты зарарларының бірі замандас халықтардан кейін қалу болады. Білікті халықтар іргелі озып кеткенде надан халықтар ере алмай кейін қалады. «Бұ қалай?» дейсіз бе? Бұ міне бұлай: қазіргі заманда бүтін дүние жүзі бір базар хүкіміне кірді – дүниенің бір шетіндегі бір адам бұ шетіндегі екінші бір адамға бір дастархан басында бірге отырғандай сөйлесіп, алыс-беріс мұғамиләсін1 жасайды. Алыс жолға аз уақыт ішінде барып келеді.. Бұ себепті, бүтін дүние жүзіндегі адамдарды бір базардағы деп айтсақ та қате болмайды.

Бір майданда мұғамилә еткен адамдар білік өнері де бары бір дәрежеде болмаса, ана уә білгендерге білімсіздер пар келе алмайды. Екінші түрлі етіп айтқанда қатарға ере алмайды, кейін қалады. Өзіңізге мағлұм: қай жердеде ілгерілер соңғыларды көп есіне  алмайды, өз керектерін өздері алады, кейін қалғандар алғылардан қалса алады, қалмаса бос қалады ғой. Сондай-ақ бұл дүние майданында да өнерлі, біліктілер білімсіздерді басып-жаншып озады, пайдалы нәрселерді күн ілгері өз қолдарына жиып қалады. Кейін қалған шабандар әр нәрседен құр қалады.

Кейін  қалу жалқаулықтан, өнерсіздіктен, білімсіздіктен, надандықтан келеді. Бұл себепті надандықтың көп зарарларының бірі деп бұл майданда кейін қалуды санаймыз. Бұл ғана емес, надандықтың көп зарарларының бірі деп жоққа илануды да көрсетуге болады.

____________

1 Мұғамилә - қарым-қатынас